«ТҰРАН» ҮШ ДҮРКІН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Түркістан қаласында волейболдан жоғары лиганың ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының ХХХІІІ чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы чемпионатқа елімізден 9 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Апта бойы өзара мықтыларын анықтаған волейболшылар бәсекесінің нәтижесінде жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Плей-офф ойындарында еліміздің төрт командасы бас жүлдеге таласты. Бұл сында Түркістан облысының «Тұран», Өскеменнің «Берел», Шымкенттің «Шымкент», Қызылорданың «Қайсар» командалары тартысқа толы ойындар өткізді. Қорытындысында ақтық сынға «Тұран» мен «Қайсар» клубтары жолдама алып, екі жеңіске дейін ойын алаңында жеңіс үшін бар күш-жігерлерін  салды.

Тартысты өткен ойында тұрандықтар қарсыластарын екі күн қатарынан айқын басымдықпен ұтып, қатарынан үш дүркін ел чемпионы атанып, өз жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады. Ал Қызылорданың «Қайсары» 2 орынды иеленсе, Өскеменнің «Берел» командасы чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ Шымкент қаласының командасы чемпионатты үздік төрттік құрамында аяқтады.

Клуб тарихында  волейболшыларымыз жоғары лига бәсекелерінде 3 рет чемпиондық тұғырдан көрінді. Бұл ретте, команданың бас бапкері Юрий Тютин мен Дархан Көшербаевтың ерен еңбегін айтып өтуіміз керек.

Тұрандық волейболшылар бұл тамаша жеңісін облыс жұртшылығы мен барша жанкүйерлеріне арнады. Өңір мерейін асқақтатқан команданы Түркістан облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, федерация басшысы Айдос Сұлтанов, «Тұран» спорт ойын түрлері клубының» директоры Сабыржан Бульдуруков құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Енді «Тұран» Ұлттық лигада өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды