Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Түркістан облысы, Сауран ауданында Ескі Иқан елді мекеніне дейін магистральді су құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба 2024 жылы қолға алынған. Нысанды биыл толық аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыстар Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен іске асырылуда.
Жоба бойынша су құбырының жалпы ұзындығы 45 898 метрді құрайды. Құрылғының есептік өнімділігі – тәулігіне 3135,3 текше метр, сағатына – 188,23 текше метр немесе 42,29 литр/секунд. Ал қуаттылығы 60 кВт шамасында.
Аталған нысан іске қосылғанда Ескі Иқан және оған жақын орналасқан елді мекен тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.