Бүгін партияның Қазығұрт аудандық филиалында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Ашировтың қатысуымен кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Азаматтардың сұраныстарын тыңдау кездесуі партияның халықпен кері байланысын күшейтуге, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді тікелей талқылауға бағытталды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттардың тұрғындармен өткізген ашық пікір алмасу кездесуіне Қазығұрт ауданы әкімдігінің сала жетекшілері қатысып, көтерілген сауалдар бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қосымша мағлұматтар берді. Кездесуде азаматтардың нақты талаптары тыңдалып, оларды шешудің тиімді жолдары талқыланды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындар үшін жайлы өмір сапасын қамтуға бағытталған жобаларға депутаттық деңгейде қолдау көрсетілетіні айтылды.
Кездесуде өзекті мәселе ретінде ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сапасын арттырумен байланысты сауалдар көтерілді. Соның ішінде инватакси қызметін қаржыландырудың жеткіліксіздігі айтылып, арнайы оңалту орталығын ашу мәселесі қозғалды. Жауапты өкілдердің айтуынша, инватакси қызметіне қосымша қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу процедуралары өткізілген. Осы санаттағы азаматтардың медициналық мекемелерге, әлеуметтік ұйымдарға, білім беру және өзге де қоғамдық орындарға кедергісіз жетуіне мүмкіндік жасауда 4 жеңіл автокөлік қарастырылған. Инватаксидің нормативтер бойынша қызмет атқаруы қадағалауда болады.
Ауданда арнайы оңалту орталығын ашуды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыру мүмкіндіктері зерделенетін болып шешілді. Бұрын осы тәсіл негізінде психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға оңалту қызметтері көрсетілгені айтылды. Атап өтуіміз керек, қазір аудандық орталық ауруханада 20 орындық оңалту орталығы ашылып, осы санаттағы азаматтарға қызмет көрсетіп отыр.
Қабылдауға келген Шарбұлақ ауылының тұрғыны Қазығұрт-Тұрбат облыстық маңызы бар автомобиль жолының бүгінгі жағдайына алаңдаушылығын білдіріп, аталған жол учаскесінде шамадан тыс жүк артқан ауыр салмақтағы жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қоюды ұсынды. Сондай-ақ оқыс жағдайлардың алдын алуда апатты деп танылған Шарбұлақ орта мектебінің ғимаратын бұзу бойынша жедел шешім қабылдануына ықпал етуді сұрады.
Аталған мәселелер бойынша аудан әкімдігі тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс хаттар жолдағаны белгілі болды. Жол сапасын қадағалауда шамадан тыс жүк артқан автокөліктерді анықтап, олардың қозғалысына тосқауыл қою рейдтік шараларын жүргізу, тозығы жеткен ғимаратты қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып бұзу мәселелері депутаттық қадағалауға алынып, олар бойынша нақты жұмыстардың жүргізілуіне қозғау салынатын болды.
Еңбекші, Өндіріс елді мекендерін газбен қамту мәселелерімен жүгінген тұрғындарға жоба-сметалық құжаттар әзірленгені, осы жобаларға қаржы бөлу мәселесі депуттардың назарына алынғаны айтылды. Сондай-ақ Қызылдихан елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт салу бастамасы да қадағалауда тұрғаны мәлімделді. Ауылдағы ескі мектептің ғимаратын жөндеуден өткізіп, аталмыш нысанға Тұрбат ауылдық ауруханасы мен Қызылдихан фельдшерлік-акушерлік пунктін орналастыру жоспары бар екені жеткізілді.
Қабылдау барысында Сарыағаш — Жылға — Монтайтас — Рабат — Сұлтан рабат автожолының Қызылдала елді мекені аумағындағы жол учаскесін жөндеуден өткізу сұранысы айтылды. Аталған жол бөлігін орташа жөндеуге қаржы қаралғаны, құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталатыны хабарланды. Жаңабазар ауылдық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінде типтік үлгідегі 150 орындық мектеп ғимаратын салу бойынша сұранысқа жоба-сметалық құжаттар әзірленгені айтылып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін бюджеттік өтінім берілетіні мәлімделді.
Ал Қызылтаң орта мектебіне қосымша ғимарат салу мәселесімен жүгінген тұрғынға мектептің жобалық сыйымдылығы 640 оқушыға арналғаны, екі ауысымда барлығы 1280 оқушыға білім беруге әлеуеті жететіні түсіндірілді. Қазір мұнда 920 бала білім алады, оған қоса осы елді мекенде зияткерлік мектебі жұмыс жүргізеді, осы дәйектерді келтірген сала жетекшілері мектепке қосымша ғимарат салудың объективті себептері жоқ екеніне назар аударды.
Қабылдауға келген Атбұлақ ауылының тұрғыны бұл елді мекен көршілес Төлеби ауданымен әкімшілік-аумақтық шекара бөлігінде орналасқанын алға тартып, он шақты тұрғын өздеріне тиесілі жер учаскелерін Қазығұрт ауданындағы мемлекеттік органдарда заңдастыра алмай отырғанына шағымын айтты.
Қабылдауға келген азаматқа екі аудан арасындағы жер учаскелерін рәсімдеу тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен жер қатынастары саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Жер учаскесін рәсімдеу құқығы сол жер орналасқан Төлеби ауданының әкімдігіне тиесілі екені айтылып, Қазығұрт ауданының әкімдігі бұл мәселе бойынша келісім бермейтіні және жеке дара шешім қабылдай алмайтыны атап өтілді.
Сондай-ақ азаматтардан жерге қатысты «Түгейболат» өндірістік кооперативінің иелігіндегі пай үлесі бар жайылым жерлерді қайтару мәселесі көтерілді. Пай үлесі бар азаматтар қол қойған арыз негізінде бұл мәселе бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, кооперативтің иелігіндегі жерлерге мониторинг жұмыстарын жүргізеді деп шешілді.
Қабылдауға келген бірқатар азаматтар баспана алу, әлеуметтік көмекке мұқтаждық, футбол алаңшасын салу өтініштерімен жүгінді. Партияның облыстық филиалының төрағасы мен облыстық мәслихат депутаты Қазығұрт ауылының тұрғыны, ерекше күтімді қажет ететін 5 адамның қамқоршысы болып отырған көпбалалы ананың үйіне барып, тұрмыс жағдайымен танысты. Өмірлік қиын жағдайға тап болған бұл отбасының әлеуметтік ахуалы аудан әкімдігінің, аудандық партия филиалының және депутаттардың қадағалауына алынды.

