ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СЕНІМІ – ЕҢ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан әкімі Асқар Естібаевтың партия алаңында өткізген қоғамдық қабылдауына қатысты. Азаматтар білдірген сұраныстарды Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сарсенбаев, «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов тыңдап, қоғам тарапынан көтерілген мәселелер бойынша аудандық депутаттық корпустың бастамалары және партия бақылауында тұрған басымдықтар түсіндірілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Атқарушы және өкілді биліктің партиямен бірлесе өткізген  қабылдауына барлығы 20 адам жазылып, өзекті деген мәселелерін жеткізуге мүмкіндік алды. Қабылдауға келген азаматтардың көптігі – аудан жұртшылығының арасында партияға деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Партияға үміт артқан азаматтар түйткілді мәселелер бойынша нақты шешім қабылданады деген сенімдерімен жүгінді. «AMANAT» нағыз халықтық партия ретінде, қоғам білдірген сенім үдесінен шығуда, айтылған әрбір ұсыныс пен пікірді, сұранысты жеке бақылауында ұстап, олар бойынша тиянақты шешімдер қабылдануына жұмыс жүргізеді.

Қабылдауға келген азаматтар түрлі салалық бағыттар бойынша сұраныстарын білдірді. Әлеуметтік салаға қатысты тұрақты жұмысқа орналасу, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, оларға бюджет есебінен санаторлық-емдеу мекемелеріне жолдама беру мәселелері айтылды. Көпбалалы аналарға «Күміс алқа» мәртебесін берудің тәртібі түсіндірілді. Құлан ауылындағы жалпы орта мектепке жаңа атау беру, Түлкібас кентіндегі емхана ғимаратын жөндеу, оны заманауи медициналық жабдықтармен қамту мәселесі көтерілді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша өтініштерімен келген бірқатар тұрғындар баспана алу мәселесінде көмек беруін сұраса, отбасы мүшелерінің саны артуына орай, коммуналдық меншіктегі бір бөлмелі пәтерді үш бөлмелі пәтерге ауыстыру мүмкіндігін қарастырып беру өтініші айтылды. Көпқабатты тұрғын үйлерді техникалық жөндеуден өткізу мәселесі жеткізілсе,  Сарытөр ауылының тұрғыны үйіне газ жүйесін тартуға техникалық шарт алуға жәрдем көрсетілуін өтінді. Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны жеке тұрғын үйінің алдына коммерциялық нысан салуға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру бойынша талап-тілегін айтса, осы ауылдың тағы бір азаматына тұрғын үйге меншік құқығын алудың тәртібі түсіндірілді. Тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, жаңа трансформаторлар орнату ұсыныстары білдірілді.

Сонымен қатар, кездесу барысында Керейіт ауылындағы мәдениет үйінің ауласынан балалар ойын алаңшасын құру, Балықты елді мекеніндегі көпірді жөндеу, Түлкібас кенті, Тынышбаев көшесіне асфальт төсеу өтініштері айтылды. Жабағылы ауылындағы газбен қамту жұмыстары, коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселелері бойынша тұрғындар өтініштері тыңдалды.

Партия үшін тұрғындардың сенімі – ең үлкен жауапкершілік. Сондықтан, бүгінгі қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығы тізімге алынып, олардың орындалуы партияның бақылауына алынды. Аудан тұрғындары білдірген сұраныстардың нақты шешім табуын үйлестіруде «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Түлкібас ауданының әкімі Асқар Сұлтанұлымен және аудандық мәслихат төрағасы Серғали Шыныбекұлымен тығыз ықпалдастық байланыста жұмыс жүргізетін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды