«ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘРБІР ПІКІРІ МЕН ШАҒЫМЫ БІЗ ҮШІН МАҢЫЗДЫ»

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қала аумағындағы 6 сектор бойынша кезекті халықпен кездесуі Яссы секторынан басталды. Маңызды кездесуге Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Ардақ Мансұров, сонымен қатар Ақниет Асылов, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары Сүлеймен Арыстанов, Бекарыс Шойбеков және Еркебұлан Ханділлаев, дербес бөлім басшылары мен сектор тұрғындары қатысты. Бұл туралы «Ақ жол» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық мәслихат депутаты Ардақ Мансұров кездесуге келген тұрғындардың көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, бірқатар ұсыныстарды қолдады. Ол, әсіресе, жол сапасы мен жарықтандыру, қоғамдық көлік қатынасы және интернет қолжетімділігіне қатысты тұрғындардың өтініштерін ерекше назарға алды. Ардақ Мансұров кейбір сұрақтарға жедел шешім қабылдауға ықпал етіп, жауапты мекеме өкілдерімен бірге нақты жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Депутат өз сөзінде:

— Тұрғындардың әрбір пікірі мен шағымы біз үшін маңызды. Біз халықпен етене жұмыс істеу арқылы ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз, — деп, халықпен кері байланыстың маңыздылығын жеткізді.

Кездесу барысында қала әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы баяндап, тұрғындардың сауалдарына заң аясында нақты жауаптар берді. Жалпы, Яссы секторында 20-ға жуық мәселе көтеріліп, олардың 7-еуі шешімін тапты, қалғандары заңнама аясында түсіндірілді.

Кездесу соңында депутаттар мен қала әкімі жеке қабылдау жасап, тұрғындарды жеке тыңдап, олардың сұрақтарын тиісті органдарға жеткізуге уәде берді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды