«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы бүгін Қазығұрт ауданында өтті. Ұлттың рухани құндылықтарын ілгерілетуді, азаматтық қоғамды жалпыға ортақ міндеттер аясына топтастыруды, әрбір азаматтың мемлекет дамуындағы жауапкершілігін нығайтуды көздейтін алаңның жұмыс жиынына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, өңіріміздің зиялылар шоғырын қалыптастырған кеңестің қастерлі Қазығұрт баурайындағы көшпелі жиыны жемісті нәтиже беретініне сенім білдірді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс жиынын бастаған кеңес жетекшісі, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева ел тізгінін ұстап, мемлекетімізді жаңа дәуірге бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті, Қуатты Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау білдіруге тиіспіз деді.
– Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында қоғамдық әдепті реттеу, теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру, әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік-техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды. Мемлекет басшысының осы және өзге де қоғам игілігіне арналған бастамаларын халыққа жан-жақты түсіндіріп, тұрғындарды ортақ мақсатқа ұйыстыру – біздің басты міндетіміз! – деп атап өтті Қалыйма Жантөреқызы.
Облыстық партия филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесі партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында мәдениет, руханият салаларына қатысты тармақтарының орындалуын ұдайы зерделеп, жергілікті жерлерде мәдениет пен туризм салаларының ілгерілеуін бүгінгідей көшпелі отырыстар өткізу арқылы бағамдап отырғанын жеткізді. Бұған дейін осы мазмұндағы келелі басқосулар Ордабасы, Созақ, Түлкібас, Отырар, Мақтаарал аудандарында өткенін айтып, киелі Қазығұрт тауының баурайында өтіп жатқан жиын қоғамның әрі қарай дамуына пайдалы ұсыныстар білдіріп, қабылдайтын келелі жиын боларына үміт артты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен биылғы 13 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру мәселелері, Қазығұрт ауданының мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, осы аумақтағы тарихи және мәдени ескерткіштердің қазіргі ахуалы байыпталып, таразыланған жиынға партияның облыстық филиалының басшылығымен қатар, «MIRAS» кеңесінің мүшелері: елімізге белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, танымал композитор Бекжігіт Сердәлі, еңбегі сіңген журналист Тельман Бейсенұлы, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әмірбек Ерсұлтан, өңіріміздегі ғылыми ортаның белді өкілі Сәбит Баймағанбетов, кітапхана ісінің үздіктері Ақмарал Асанқызы мен Шахмира Шаматайқызы, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің экономика, басқару және құқық факультеті деканының орынбасары Сәбит Баймағанбетов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай ұлт мұратын арқау еткен елдік жиын болғанын атап өтті. Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жатқан ең маңызды мәселенің бірі – салық реформасына қатысты шешімін айтып, әділ, ашық әрі тиімді салық жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты тапсырма берілгенін жеткізді. Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты түпкілікті шешім қабылданып, бұл мәселе өзектілігін жойғанын білдірді.
«Ұлттық құрылтайда сондай-ақ, қоғамдық әдепке, діни ахуалға, интернет алаяқтыққа, жалған психологтар мен коучтарға қатысты мәселелер айтылып, Президент осы салалардағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне мән берді. Ұлттық кинематографияның келешегіне қатысты тағлымды ойлар айтылды. Құрылтайда әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелермен бірге ел экономикасына қатысты нақты міндеттер белгіленді. Осы жағдайда отандық экономиканы дамыту, өңірлерді өркендету, шекара маңындағы аймақтарды дамытуға баса назар аударылатын болады. Ақпараттық технологиялар саласы, жасанды интеллект, цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынбақ», — деді Сәбит Баймағанбетов.
Жиында қаралған екінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев хабарлама жасады. Қазығұрт ауданында 50 мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетеді, оның ішінде 24-і мәдениет үйлері мен клубтар болса, тағы 24-і – кітапханалар, тілдерді оқыту орталығы мен музей жұмыс жүргізеді. Шанақ және Жігерген елді мекендерінде әрқайсысы 200 орындық типтік үлгідегі мәдениет үйлері елі игілігіне пайдалануға берілген. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен 11 нысан ағымдағы жөндеуден өткен.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, оларды шығармашылыққа баулуда домбыра, вокал, би, сурет салу, көркемсөз оқу шеберлері үйірмелері ашылған. Аудандағы мәдениет нысандарының жанынан 53 шығармашылық үйірме жұмыс жүргізсе, оларға 840 жас өскіндер қамтылған. Аудандағы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 9 кәсіпкер 1146 баланы өнердің 13 түрінен баулу жұмыстарын жүргізіп жатқаны мәлімделді.
Тарихи-мәдени ескерткіштерге күтім көрсету бағытында аудан бойынша «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында 2 киелі орын жалпыұлттық тізімге енгізілсе, 7 киелі орын өңірлік маңызы бар нысандар тізбесіне қосылған. Жалпы, Қазығұрт ауданы бойынша алдын ала есепке алу тізімінде тұрған 81 тарихи және археологиялық ескерткіштер бар. Оның шінде 78-і ескерткіштер мен монументтер санатына жатады.
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында мәдени мұрамызды сақтау, оларға құрмет көрсетіп, келер ұрпаққа аманат ету, жаңғырту жүргізуде биыл 9 іс-шараны атқару көзделген. Оның ішінде биылғы бірінші тоқсанда осы іс-шаралардың 6-уы орындалды. Алтынтөбе ауылдық округіндегі — «Жақсығұл мерген», Тұрбат ауылдық округіндегі — «Ысқақ ата», «Ысмайыл ата», Абдалиев ауылдық округіндегі — «Ақбура баба», Сарапхана ауылдық округіндегі — «Түгейболат» кесенелеріне 200-ге жуық жастардың қатысуымен экскурсиялық саяхаттар ұйымдастырылды. Кесене аумақтары тұрақты күтімге алынып, көктемгі ағаш егу жұмыстары, ағаш түптерін қопсытып, әктеу шаралары жүргізілді», — деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиында қаралған мәселелерден туындайтын міндеттер бойынша кеңес мүшелері бірқатар өзекті ұсыныстарын білдірді. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, композитор Бекжігіт Сердәлі Ұлттық құрылтайда ұлттық мәдени таным жөнінде нақты тапсырмалар берілгенін айта отырып, өнерге ұлттық көзқарас қажет екенін білдірді. Бұл бағытта халық әндерін орындаушыларды қолдауымыз керек екенін білдіріп, ұлттық киім кию үрдісінің насихатын жандандыруды маңызды деп атады. Бүлдіршіндерімізге есімдер қоюда діни және жаһандық құндылықтарды емес, ұлттық мәні бар кісі есімдерін қолдануға қоғам болып үн қатуымыз керек екенін айтты. Ал Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков ұлттық ойындарды мемлекеттік деңгейге шығару, отандық кино және анимация өнімдерінен ұлттық рух есіп тұруы тиіс деп байыптады.
«Turkistan Media Holding»-нің басқарушы директоры Тельман Бейсен бүгінгідей әлеуметтік желі дамыған заманда кибербуллинг өзекті болып отырғанын жеткізді. Бұл бағытта медиасауаттылықтың маңызы жөнінде айтты. Ұлттық кітап күнін жаңаша форматта өткізу керек екенін білдіріп, кітап оқу үрдісі қоғамның жаппай мәдениетіне айналуы тиіс екенін жеткізді. Өз ұсынысын білдіріген «Аra24. kz» ақпарат порталының шеф-редакторы, Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек елдің ішкі бірлігін сақтау, қоғамдық келісімді нығайтуда сұранысқа ие медиаконтент әзірлеудің маңыздылығына тоқталды. Қазығұрт ауданында ұлттың үні саналатын «Қазақ радиосын» қосу жөніндегі өтінішін білдірді.
Келелі басқосуда қорытынды сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүр мен мәдениетті жаңғырту, мемлекеттік тілді дамыту секілді маңызды мәселелерді көтеріп, қоғамдағы рухани тұтастықты сақтау – ел тұрақтылығының негізі деп бағалағанын жеткізді.
– Қазығұрт ауданы – облысымыздың тарихи, мәдени, әрі рухани терең тамыры бар өңірлерінің бірі. Бұл аймақтың мәдени әлеуетін дамыту — тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, бүкіл еліміздің рухани өміріне үлес қосатын маңызды іс. Бүгінгі жиында Қазығұрт ауданының мәдениет пен туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен тарихи мәдени ескерткіштердің күтіп бапталуы туралы ауқымды жұмыстар баяндалды. Кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар ауданымыздың аталған саланы дамытуға қатысты жақсы ұсыныстарын айтты. Айтылған мәселелерді шешуге аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы өз тарапынан қолдау білдіреді деген ойдамын, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Партияның облыстық филиалының төрағасы қазіргі таңда мәдениет ошақтары тек концерт өткізетін орын ғана емес, рухани тәрбие мен білім орталығына айналуы қажет екенін айтты. Мәдениет нысандарында жастарға арналған үйірмелер мен шеберлік сабақтарын көбейтіп, ауылдық кітапханаларға жаңа әдебиеттер алдыртып, интернет желісімен қамту ісі маңызды екенін білдірді. Әсіресе, балалардың жазғы демалыс кезеңінде мәдениет ошақтары белсенді жұмыс атқару керектігіне тоқталды. Ауданның туризм саласын дамытуда табиғат байлығы мен аңыздарды үйлестіріп, мәдени-тарихи туризмді дамытуға байланысты ұсыныстарын да жеткізді. Бірегей нысан – «Кемеқалған» монументін қалпына келтіру, оны көпшілік аялдайтын маңызды орынға айналдырудағы ойларымен бөлісті. Аудандағы 80-нен астам тарихи-мәдени ескерткіштерді күтімге алу жөнінде нақты ұсыныстарын білдірді. Жергілікті билік, зиялы қауым, жастар мен тұрғындар осы мақсаттағы жұмыстарды бірлесе атқарса, Қазығұрт тек аңызбен ғана емес, заманауи мәдени жетістіктерімен де танылатын өңірге айналады деген сенімін айтты.
Партияның өңірлік филиалы, «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің мүшелері бүгінгі басқосудың нәтижесінде қабылданған шешімдердің орындалуын үнемі назарында ұстайтын болады.