«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында айқындалған басты басымдықтардың бірі – елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылып, тұрғындар қолға алынған жобалардың игілігін көріп отыр. Партияның жоспарында қамтылып, құрылысы жүргізілген инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Ордабасы ауданына қарасты Жусансай елді мекенін табиғи газбен қаму бастамасы еді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл тұрғындары көптен күткен әлеуметтік маңызы зор жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жусансай ауылы аудандағы табиғи газ жүйесі қосылған елді мекендер санатына кірді. Көгілдір отынның игілігіне қол жеткізген тұрғындар енді тұрмысымыз едәуір жеңілдейді деген сенімде. Ауылға табиғи газдың келуі экологиялық ахуалды жақсартуымен қатар, жергілікті жерде кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деген үміттерінің бар екенін айтады.
Инфрақұрылымдық жобаның салтанатты ашылу рәсіміне Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков қатысып, ауыл тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтады.
Шара барысында сөз алған аудан әкімі газдандырудың ауыл өміріндегі маңызын атап өтті:
«Бұл – әр отбасы үшін үлкен қуаныш. Табиғи газды тұтыну тұрмысымызды жеңілдетіп, өмірімізге жайлылық сыйлайды деп сенемін. Ынтымағы жарасқан ауыл алдағы уақытта да көркейіп, тұрғындардың игілігіне бағытталған жұмыстар жалғаса береді», – деді Азат Оралбаев.
Тұрғындарды табиғи газбен қамту – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында белгіленген ауыл инфрақұрылымын дамыту жөніндегі нақты міндеттердің бірі. Газдандыру арқылы тұрғындардың күнделікті тұрмысы жеңілдеп қана қоймай, көмір мен отынға тәуелділік азайып, қоршаған ортаға түсетін салмақ төмендейді. Сонымен қатар, бұл бастама ауылдың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Жусансай ауылында іске асқан бұл жоба уәде мен істің бір арнада тоғысқанын көрсетті. Партияның бағдарламалық құжатында көзделген міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға арналған нақтылы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.

