ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Келес ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте тұрмыстық газдан уланудың және балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу мақсатында аудан көлемінде ауқымды үгіт-насихат акциялары өткізілуде. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, «Газ және газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздікті арттыру және бақылауды оңтайландыру жөніндегі» іс-шаралар жоспары аясында Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, Абай газ шаруашылығы, Жастар ресурстық орталығы және жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесіп, Абай ауылында тұрғындармен кездесу ұйымдастырды.

Шара барысында мамандар тұрғындарға тұрмыстық газды дұрыс пайдалану ережелері мен қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, газ иісін сезген жағдайда жедел әрекет ету тәсілдерін баяндады. Сондай-ақ, ата-аналарға балалардың терезе алдында ойнауының қауіптілігін түсіндіріп, арнайы ескертпе парақшалар таратылды.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында жаңа іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдағы уақытта да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар үздіксіз жалғасын таппақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды