ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындармен кездесуін Жуантөбе ауылдық округінде жалғастырды. Жиын барысында аудан басшысы округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен баяндап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғындар ауылдағы оң өзгерістер мен ауданда орын алып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысына алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, жеке қабылдауда жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бойынша өз сауалдарын қойып, өтініштерін айтты.

Аудан әкімі барлық көтерілген мәселелер назарға алынатынын айтып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Биыл Жуантөбе ауылдық округінде инфрақұрылымды жақсарту және елді мекенді абаттандыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апаратын жолға қиыршық тас төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абылайхан көшесіне асфальт жабындысы төселіп, жолдың сапасы жақсарды.

Қ.Омарұлы көшесінде жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, ауылдан учаскелік полиция пункті мен өрт сөндіру бекетінің құрылысы қарқынды жалғасуда.

Жуантөбе ауылдық клубы ағымдағы жөндеуден өтіп, ауылдық мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтті.

Сонымен қатар, ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында Бәйтерек кешенін қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Жоба аясында 1 100 шаршы метр брусчатка төселіп, 550 шаршы метр бетонды плитка орнатылды. Жарықтандыру жүйесі жаңартылды.

Ауылдың атауы жоқ көшелеріне көше жарықшамдары орнатылды. Ә.Жақсыбайұлы және Төле би көшелеріне жаңа тротуар төселіп, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, «Шаңырақ» нысанында Құрмет тақтасын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Жақын күнде толық аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, ауыл орталығында жаңа саябақ құрылысы жүргізілуде.

Жуантөбе ауылдық округі аумағында бейнебақылау камералары орнатылып, электр бағаналары безендіріліп, елді мекеннің келбеті айтарлықтай жаңарды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды