«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен Сауран ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жумабекова Жанар Жаңабекқызы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға аудандық партия филиалының төрағасы Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.
Қоғамдық қабылдау барысында ауданның бірнеше ауылдық округтерінен келген тұрғындар өздерінің маңызды сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді.
Оранғай ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы, қоғам белсендісі Ибадуллаева Гүлнара сөз алып, ауылдық клубтың қазіргі жағдайына тоқталды. Ол мәдени нысанға жөндеу жұмыстарының қашан басталатыны туралы сауал қойып, ауыл тұрғындарының мәдени шараларға қолайлы жағдайда қатысуы үшін бұл мәселенің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің қашан пайдалануға берілетіні жөнінде де ақпарат сұрады.
Қабылдау кезінде ауыл тұрғыны Б.Абсадық тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесін көтеріп, өзіне лайықты бос жұмыс орындары бойынша көмек көрсетуді сұрады. Бөлім басшысы Жанар Жаңабекқызы бұл бағытта тиісті мамандарға тапсырма берілетінін және жұмыспен қамту орталығымен бірлескен жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны М.Алибекова алдағы Тәуелсіздік мерекесіне орай ауылдарда қандай мерекелік іс-шаралар жоспарланғаны туралы сауал қойды.
Қабылдауға келген тағы бір тұрғын спорт және дене шынықтыру мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасу қажеттілігін айтып, осы бағытта қолдау көрсетуін сұрады. Бұл мәселе де назарға алынып, мамандыққа сәйкес бос орындарды қарастыру үшін тиісті бөлімге жолданатындығын жеткізді.
Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, жауапты мекемелерге жолданатын болады. Тұрғындардың өтініштері бойынша атқарылатын жұмыстардың нәтижелері қосымша хабарланатын болады.

