«AMANAT» партиясы үшін тұрғын үй саясаты – әлеуметтік жауапкершіліктің өзегі болып табылады. Партиямыз азаматтардың тұрғын үй мәселесін әлеуметтік әділеттілік пен халықтың нақты сұранысына негіздей отырып қарастырады. Партияның Сайлауалды бағдарламасында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын азаматтардың баспаналы болуына жағдай жасау, жас отбасыларды қолдау міндеттемелері белгіленіп, олар ретімен жүйелі шешімдерін тауып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Партиямыз басымдық ретінде белгілеген тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтің Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында қарастырылды. Азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуды көздейтін тұрғын үй саясатының нақты орындалуын үйлестірген кездесуге партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов қатысты.
Мәжіліс депутаты мен партия өкілдері осы жұмыс сапары аясында Шардара қаласының 4-ші шағын ауданы аумағында салынып жатқан бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңына барып, атқарылған жұмыстармен танысты. Құрылыс жұмыстары аяқталу сатысына жақындаған нысанда жылыту жүйелерін орналастыру, ауланы тегістеп, алаңшалар мен аяқжолдардың орнын белгілеу, абаттандыруға дайындау шаралары қарқын алған.
Тұрғын үйдің дайындық деңгейі жөнінде Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев мағлұмат берді. Аудан басшысы берген ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда Шардара ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 1747 адамды құрайды. Оның ішінде 1451 азамат – әлеуметтік тұрғыда осал топтарға және көпбалалы отбасыларға жатады. Аудан әкімі осы санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуда 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 236 пәтер сатып алынып, олар азаматтарға кезек ретімен берілгенін айтты. 2026 жылы осы мақсатта 60 пәтер сатып алынатын болады. Тұрғын үй биылғы мамыр айында пайдалануға беріледі.
Құрылыс алаңында сала жетекшілерімен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу барысында Қайрат Рахымұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісі тұрғын үй саласын заңнамалық тұрғыда жетілдіруге басымдық беріп отырғанын айтты. Оның ішінде ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруға, жалдамалы тұрғын үй қорын кеңейтуге, апатты және тозған үйлерді жаңғырту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды әлеуметтік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап отыр. Осы тапсырмаға сәйкес, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракциясы тұрғын үй құрылысын күшейтіп, халықтың нақты қажеттілігіне сай шешімдердің қабылдануына ықпал ететін заң шығару ісін жалғастыра береді, – деді Қайрат Рахымұлы.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды бағдарламада көзделген тұрғын үй құрылысы міндеттерінің уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытындағы үйлестіру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізе береді.

