ТҮЛКІБАС – ТАБИҒАТЫ КӨРКЕМ, ДАМУ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ ӨҢІР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданында әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құруға бағытталған ауқымды жоба бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Маңызды бастама биылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болады. Жобаның негізгі тұжырымдамасы – «Орталық Азияның жүрегі, әлемге ашылған терезе». Бұл идея Түлкібасты тек ішкі туризмнің емес, Орталық Азия мен әлемді байланыстыратын халықаралық мәдени-туристік орталыққа айналдыруды көздейді.

Түлкібас ауданы – табиғи келбеті бұзылмаған жазық даласы, көркем шатқалдары мен құнарлы алқаптары бар бірегей өңір. Жылдың төрт мезгілінде де өзіндік сұлулығымен ерекшеленетін аймақтың басты құндылығы – қазақтың көшпелі мәдениетінің табиғи болмысы бүгінгі күнге дейін сақталғаны. Киіз үй мәдениеті, атбегілік дәстүр, ұлттық тағамдар, ат ойындары, халық әні мен күйі – ұлттың баға жетпес рухани мұрасы.

Мега жоба аясында Қазақстандағы алғашқы цифрлық мәдени-туризм платформасы іске қосылады. Экологиялық туризм, мәдени тәжірибе және сауықтыру демалысы үйлескен әлемдік деңгейдегі туристік дестинация қалыптасып, Түлкібас еліміздің жаңа мәдени-туризм брендіне айналмақ. Барлық құрылыс және жоспарлау жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қызмет көрсету сапасы мен басқару жүйесі кәсіби деңгейде ұйымдастырылады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

– Түлкібас – табиғаты көркем, мәдениеті терең, даму әлеуеті жоғары өңір. Бұл жоба арқылы біз табиғатты сақтай отырып, экономиканы дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға және қазақтың көшпелі мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік аламыз. Ең бастысы – жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің ұзақ мерзімді дамуына серпін береді, – деді өңір басшысы.

Жобаның негізгі бағыттары – ауыл шаруашылығы, мәдениет, туризм және сауықтыру салаларын өзара ықпалдастыру, жергілікті тұрғындарды оқыту және жұмыспен қамту, сондай-ақ халық табысын арттыратын көпарналы экономикалық модель қалыптастыру.

Жоспарға сәйкес, жоба аумағында қонақүйлер, гастрономиялық нысандар, сауда-ойын-сауық кластері, гүл аңғары, шаңғы және шөптен сырғанау аймақтары, жұлдызды шатырлар, ипподром мен ұлттық ат ойындары кешендері бой көтереді. Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын өндіретін шеберханалар мен шағын өндіріс орындары ашылады.

Жобаның түпкі мақсаты – Түлкібасты экологиясы сақталған, экономикасы тұрақты, мәдениеті бай әрі халқының тұрмысы жоғары өңірге айналдыру. Нәтижесінде өңірде өмір сапасы жақсарып, кәсіпкерлік белсенділік артып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды