ТҮЛЕКТЕРГЕ СӘТТІ ӨМІР ЖОЛЫН ТІЛЕДІ

Қоғамға қажетті кәсіптер бойынша мамандар даярлауда, орта буын білім беру ұйымдарына үлкен үміт артылатыны белгілі. Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеліп, олар сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет екенін айтты. Біздің басты байлығымыз – адам деп байыптаған «AMANAT» партиясы да, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматтарды тәрбиелеп шығаруға жағдай жасауды саяси тұғырнамасында белгілеген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жастардың жоғары стандарт талаптарына сай сапалы білім алуы үшін жағдай жасауда 60 жылдық тарихы бар Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің оқу базасы жылдан-жылға жаңарып, жетілдіріліп келеді. Ынталы, ізденімпаз, жаңашыл жастардың қабілетін шыңдап, нағыз кәсіби маман етіп тәрбиелеп шығаруда барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Мұнда биылғы оқу жылында 1660 студент 11 мамандық бойынша білім алды. Соның ішінде 290 студент емтихандарын тапсырып, оқу орнын аяқтады. Бітіруші түлектердің ішінде 17 жас маман үздік диплом алуға лайықты деп танылды. Оқу орнынан қанаттанып ұшқан жас мамандарға диплом табыстау рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Эльмира Темірбаева қатысып, түлектерге сәтті өмір жолын тіледі.

Аудан әкімі оқу орнын үздік бітірген түлектерге дипломдарын табыстап, өмірде бағындырған бастапқы өмір белесімен құттықтады. «- Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар мен жастарға арналған білім, кәсіпкерлік, медицина мен ауыл шаруашылығы салаларындағы мол мүмкіндіктердің шапағатына бөленіп жүрген сіздер өте бақытты жансыздар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қарашаңырақ білім ордасы талай таланттардың бағын ашып, білікті мамандарды түлетіп ұшырды. Ол азаматтар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Сіздер де колледж қабырғасында алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді еліміздің дамуы жолына жұмсайтындарыңызға сенемін!», — деді Серік Мамытов.

Атап өтуіміз қажет, «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалы аталмыш оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Мемлекет басшысы қолға саяси реформалар мен партияның стратегиялық басымдықтарын іске асыруда колледждің оқытушылық құрамымен, студент жастарымен мақсатты кездесулер өткізіп, білім беру ісін жаңғырту, жасампаз еңбек қоғамын құру, елдің ішкі бірлігін арттыру, инклюзивті орта қалыптастыру, жаңа саяси мәдениетті орнықтыру, жастар саясатын іске асыру бағыттарында терең ықпалдастық байланыстар нығайып отыр.

— Біздің білім ордамызға келіп, бітірушілерге диплом табыстау салтанатына қатысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Түлектеріміз де өздеріңіздей ел басқару ісіне араласып, жарқын болашақ үшін аянбай еңбек етеді деген сенімдіміз. Өйткені, біздің оқу ордамызда оқыту процесі тек білім берумен ғана шектелмейді, тәрбие, салт-дәстүр, салауатты өмір салтын ұстану секілді құндылықтармен ұштастырылады, — деп ризашылығын білдірген колледж директоры Ләззат Баймағанова оқу ордасына келген меймандарды шәкірттердің, білім ордасының жетістіктерімен таныстырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды