Жетісай ауданында республикалық референдумға тұрғындармен қатар, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бейнесі сомдалған тарихи кейіпкерлер де қатысып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атап айтқанда, «Жеті жарғы» заңын енгізіп, қазақ тарихында әділетті билігімен мемлекеттілікті нығайтқан Тәуке хан мен қазақтың айбынды ханы Абылай хан, ел бірлігі мен әділдіктің символына айналған үш би – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бейнесіндегі Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртістері референдум учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауларын жасады.
Бұл бастама – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, халықты ел тағдырына бей-жай қарамауға шақыратын тағылымды шара болды. Көпшілік үшін бұл көрініс ел тарихына тағзым жасап, ұлт болашағына деген жауапкершілікті терең сезінудің айқын белгісіндей әсер қалдырды. Аудан тұрғындары тарихи тұлғалардың бейнесі арқылы берілген бұл өнегелі үлгіні жоғары бағалап, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауда әр азаматтың дауысы маңызды екенін тағы бір мәрте сезінді.
Айта кетейік, аудан көлемінде 75 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың барлығында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттың қазақ күресі, қол күресі, үстел теннисі, волейбол, тоғызқұмалақ, кіші футбол секілді түрлерінен тұрғындар арасында жарыстар ұйымдастырылуда.

