СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ДЕҢГЕЙІ РЕКОРДТЫҚ ТӨМЕН КӨРСЕТКІШКЕ ЖЕТУ ҚАУПІ БАР

Бүгін Түркістан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың төрағалығымен жиын өтіп, онда Түркістан облысында егінге қажетті суды тиімді бөлу мақсатында вегетация кезеңіндегі күтілетін су көлемін ескере отырып, ылғалсүйгіш дақылдарды егу лимиттері қайта қаралды. Жұмыс отырысына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ өңіріміздегі шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға қатысушылар келесі жылға арналған трансшекаралық судың келу болжамдарын және алдағы суару кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шараларын талқылады. Шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығы және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту қажет екені айтылды.

— Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында келесі жылы су келу көлемінің азаюы туралы болжам жасалды. Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жету қаупі бар. Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жауын-шашын болған жоқ. Өкінішке қарай, бұл аймақтың барлық мемлекетінде кездесіп отырған табиғи процесс. Осыған байланысты, су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттерін қайта қарау өзекті болып отыр. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетация кезеңіндегі күтілетін 10 миллиард текше метр су көлемін ескере отырып есептеледі. Сонымен бірге лимиттердің сақталуы қатаң бақылауға алынады. Құқық бұзушылар кейін мемлекеттен мүмкін емес нәрсені талап етпеу үшін барлық жауапкершілікті түсінуі керек, — деді Қанат Алдабергенұлы.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Түркістан облысында алдағы вегетация кезеңінде күріш егілетін алқап 3,5 мың гектардан аспауға тиіс. Вице-премьер Ауыл шаруашылығы мен Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдіктеріне жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар екі аптаның ішінде облыстардағы су тұтыну лимиттерін анықтап, егіс алқаптарын лимиттерге сәйкес жоспарлап бекітуі тиіс.

Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Достық» трансшекаралық каналы бойына күріш егуге тыйым салу ұсынысын қолдады. Күрішті тек «Қызылқұм» каналының бойында 3,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып өсіруге рұқсат етіледі.

Диқандарға ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыруға және көп су қажет етпейтін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөлу ұсынылды. Бұл ауыл шаруашылық өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шектеулі су ресурстары жағдайында ауылдық жерлердің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

Суды үнемдеу және заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін көтерілді. Егінге қажетті судың сараланған тарифі енгізілді: су үнемдеу технологияларын қолданатындарға субсидия мөлшері 60 пайыздан 85 пайызға дейін артты, ал қолданбайтындар үшін субсидия жыл сайын 10 пайызға азаяды.

2026-2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізуді және егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.

Атап өтуіміз керек, бүгінде Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары 82 мың гектар алқапта қолданылып жатыр, оның 18,7 мың гектарында жаңбырлатып суару, 63,3 мың гектарында тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының есептеуінше, су үнемдеу технологияларын қолдану суды 20-30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бюджеттегі микронесиелер ұсынады. 2026-2028 жылдары ауылды дамытуға 450 миллиард теңге бөлу жоспарда бар, оның 68,7 миллиард теңгесі Түркістан облысына ауыл кәсіпкерлігін кеңейту және кооперативтерді дамытуға бағытталған.

Қанат Алдабергенұлы «Ауыл аманаты» жобасын тек қаржылық қолдау механизмі ретінде емес, ауылды экономикалық жаңғыртудың маңызды құралы ретінде қарастыру керек екенін атап өтті. Келесі жылдан бастап ауылдық инфрақұрылымға қаржыландыру жалпы трансферттер арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы барлық инфрақұрылымдық бастама облыстар мен аудандардың даму бағдарламаларына нақты енгізілуі керек деген міндет қойылды. 2026-2028 жылдарға арналған жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде әкімдіктерге өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерінің төмендеуіне жол бермеу үшін ауылдық инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Вице-премьер облысымызға жасаған жұмыс сапары аясында түркиялық «YDA Group» компаниясының Түркістан қаласында салып жатқан 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысымен танысты. Жеті қабатты ғимараттан тұратын кешен құрылысына 15,6 гектар жер бөлінген. Бүгінгі таңда жоспарланған құрылыс көлемінің 87 пайызы аяқталған, облыстың денсаулық сақтау саласында маңызды орны бар бұл кешеннің құрылысы келесі жылы аяқталатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды