СТУДЕНТТІК ОРТАДА ТӘРТІП ПЕН МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ НОРМАЛАРЫН САҚТАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында Түркістан облысы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ермек Өсербаев, Арыс қаласындағы №17 Арыс теміржол колледжінің жатақханасына арнайы барды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде жастардың құқықтық санасын арттыру мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық әңгіме жүргізілді. Шараға студенттер мен педагогикалық құрам қатысты. Сондай-ақ полиция полковнигі Е.Өсербаев, жатақханадағы студенттердің ішкі тәртіп ережелері, тұру жағдайларымен танысып, студенттік ортада тәртіп пен мінез-құлық нормаларын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Полицейлер жастарға әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың салдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, құрмет мәдениетін қалыптастыру, қорқытуға жол бермеуге шақырып, жанжал жағдайлары және құқыққа қайшы мінез-құлықтың басқа да нысандарына назар аударды. Студенттерге өз құқықтары мен міндеттерін білудің маңыздылығы, сондай-ақ басқалардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу туралы кеңес берілді.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, мұндай кездесулер білім беру мекемелеріндегі профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады және жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді. Әңгіме барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен толық жауап алды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды