СПОРТТЫҚ КИІМДЕР ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШУ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен кездесті. Кездесу барысында әлемге танымал спорттық киімдер өндіруші компанияның Түркістан облысында өндіріс орнын ашу жоспарлары талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Компания өкілі өңірдің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, мақта шаруашылығы дамығанынан хабардар екенін жеткізді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Түркістан қаласында спорттық киім тігетін зауыт ашуға ниетті екенін айтты.

Кездесу барысында қонақтарға Түркістан облысының индустриалды мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымы, логистикалық артықшылықтары, жұмыс күші және инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат берілді.

Нұралхан Көшеров шетелдік және отандық инвесторлар үшін Түркістан облысында өндіріс ашуға барлық жағдай жасалғанын айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстарды қарастырып, өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөзді жалғастыруға уағдаласты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды