СПОРТ – ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ДА НЕГІЗГІ ҚҰРАЛЫ

Түркістан қаласындағы жаңадан ашылған ескек есу арнасында алғаш рет триатлоннан Азия кубогы ұйымдастырылды. Суда жүзу, велосипедпен жүйітку және жүгіру сайыстарынан тұратын халықаралық додаға әлемнің жиырмаға жуық елінен ең мықты әмбебап спортшылар келген. Олардың арасында Жапония, Оңтүстік Корея,  Германия, Чехия, Словакия, Қырғызстан және өзге де мемлекеттердің өкілдері бар. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Триатлонның “элита” санаты бойынша спортшылар 1,5 шақырым қашықтықты жүзіп, 40 шақырым қашықтықты велосипедпен бағындырды және 10 шақырым жүгіріп өтті.

Сайыс нәтижесіне сәйкес, ерлер арасында жеке бейтарап атлет Денис Колобродов жеңімпаз атанса, Қазақстан намысын қорғаған Дарын Қонысбаев күміс медальға және тағы бір жеке бейтарап атлет Роман Минеев қола медальға ие болды. Ал әйелдер арасында жеке бейтарап атлет Татьяна Баскакова жеңіске жетсе, жапондық Минори Икено екінші, жеке бейтарап атлет Алина Синевич үшінші орынға ие болды.

28 қыркүйек күні кәсіпқойлар мен жасөспірімдер кім мықтыны анықтайды.

Байрақты бәсекені тамашалауға АҚШ-тан шыққан триатлоннан әлемнің 6 дүркіні чемпионы Марк Аллен арнайы келген. Ол Түркістандағы ескек есу арнасының әлеуетін жоғары бағалады.

– Мені Қазақстанда да осындай жоғары дәрежедегі жарыстың өткізіліп жатқандығы және оған түрлі мемлекеттер өкілдерінің қатысуы қатты қуантты. Ұйымдастыру деңгейі өте тамаша. Одан бөлек су айданының керемет жасақталуы әрі ыңғайлы орналасуы, жүрігу жолақшасының тегістігі мен сапасы, сөренің жасалуы ұнады. Су спорты түрлерін дамыту үшін балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу керек. Спортпен шұғылданған бала жарыстың не екенін түсініп, жеңімпаздарға еліктеп, өздері де сол биікке көтерілуді мақсат етеді. Спорт – туризмді дамытудың да негізгі құралы. Кез-келген спортшы спорттық мансабынан бөлек, шет елдерді көріп, жаңа жерлермен танысқысы келеді. Тіпті бір жарыстарға спортшылар отбасымен келіп жатады. Осының бәрі ұйымдастырушы тараптың туризмін дамытуға септігін тигізеді. Мысалы, менің Қазақстанға келуім де спорттың арқасы. Өзім триатлоннан 6 дүркін әлем чемпионымын. Көптеген елдерді көрдім. Қазақстанмен танысып, болашақта тағы да келуге ниеттімін, – деді ол.

Айта кетейік, Түркістан облысында су спорты түрлері қарқынды дамуда.  Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, Түркістан төріндегі ескек есу кешенінде алдағы уақытта да ірі додалар өткізіледі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды