Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында шілде айының 5-9 күндері аралығында еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған созақтық спортшы Мақсұт Ахмет 85 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Халықаралық додада Мақсұт өзінің мықты дайындық пен шеберлігін танытып, алғашқы белдесулерінің барлығын айқын басымдылықпен аяқтады. Алғашқы қарсыласы – Моңғолия палуанын 10:0 есебімен жеңсе, кейін Өзбекстан және Қырғызстан елінен келген балуандарды да дәл осы есеппен ұтты. Жапон спортшысымен болған жартылай финал кездесуінде үстемдік танытып, финалға жолдама алды. Ақтық сында Үндістан балуанымен кездесіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Мақсұт Ахмет – Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Ол биыл сәуір айында Қарағанды қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Азия чемпионатына жолдама алған болатын. Жас спортшының жаттықтырушысы – еркін күрестен бірнеше чемпион тәрбиелеген тәжірибелі бапкер — Бақытжан Бейсембаев.