Түркістан облысында мектептердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері SOS батырмасының іске қосылуын және оның жұмыс істеу тәртібін тексерді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш шара Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығымен ұйымдастырылды.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарындағы жедел хабар беру жүйесінің (SOS батырмасының) техникалық жағдайын, дабыл түскен кезде полицияның әрекет ету алгоритмін және жедел топтардың оқиға орнына жету уақытын қадағалады.
Полицейлер мектеп әкімшілігімен және күзет қызметімен кездесіп, қауіпсіздік шараларының маңыздылығын атап өтті. Ол SOS батырмасы — балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін, төтенше жағдай туындаған кезде полицияға бірден хабар беруге мүмкіндік беретінін түсіндірді.
Сондай-ақ, оқу орындарындағы бейнебақылау камераларының жұмыс істеу сапасы, кіру-шығу жүйелерінің қауіпсіздігі және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл жоспарының орындалуы да назардан тыс қалмады.
Айта кетейік, SOS батырмасы – мектеп ішіндегі қауіпсіздікті күшейту, төтенше жағдайлар (қарулы шабуыл, төбелес, өрт, медициналық жағдай және т.б.) кезінде көмекке жылдам хабарласу мүмкіндігі. Батырма басылған кезде сигнал полицияның жедел басқару орталығына немесе мектептің қауіпсіздік қызметіне салынады. Мысалы, SOS батырмасы басылған сәтте сигнал жедел басқару орталығына түседі, сосын патрульдік бөлім оқиға орнына жіберіледі. SOS батырмасы екі бөлімнен тұрады — жоғарғы бөлігі эвакуация жоспарын көрсетеді, ал төменгі бөлігі дабыл батырмасы мен микрофон бар. Батырма басылғанда дабыл қақтырылады және хабарлама жедел басқару орталығына немесе мектеп операторына жіберіледі. Сондай-ақ кейбір өңірлерде мектептер мен олардың маңына бейнебақылау камералары, «Сергек» жүйесімен толықтырылған.

