СІЗДЕРДІҢ АДАЛ ҚЫЗМЕТТЕРІҢІЗДІҢ АРҚАСЫНДА ЕЛІМІЗДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП НЫҒАЙДЫ

Қарттар күніне орай Түркістан облысы полиция департаменті Ордабасы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетті. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған мерекеге орай сексеннің сеңгірін алқымдаған, саналы ғұмырын ел тыныштығы мен халықтың бейбіт өміріне арнаған Әбдіхалық Мырзалиев, Аманбек Құрманбекұлы, Талетбек Юсупов сынды ардагер полиция қызметкерлеріне сый-сияпат табысталып, алғыс жарияланды.

Жиын барысында абыз қариялар жастарға үлгі боларлық өмір жолдарымен бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізіп, ақ батасын берді. Шарада аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Руслан Мейрбеков ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың еңбегі мен тәжірибесі әрдайым жас ұрпаққа өнеге болатынын атап өтті.

Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бақытжан Маханбетов сөз алып:

– Бүгінгі шара – ардагерлерімізге деген шынайы құрметтің белгісі. Сіздер өз өмірлеріңізді халыққа, елдің тыныштығы мен бейбіт өміріне арнадыңыздар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен адал қызметтеріңіздің арқасында елімізде құқықтық тәртіп нығайды. Біз, кейінгі буын өкілдері, сіздердің салған сара жолдарыңыздан үлгі алып, абыройлы дәстүрді жалғастыруға міндеттіміз. Ардагерге құрмет – елге құрмет, – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды