Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Жол-көлік колледжі халықаралық аккредитациядан сәтті өтті. Білім ордасы Оңтүстік Кореяның ABEEK аккредиттеу жүйесі аясында «Global Sapa» халықаралық академиясымен бірлесті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүйелік бағалау барысында колледждегі білім беру бағдарламалары, басқару жүйесі, кадрлық әлеуеті және материалдық-техникалық базасы жан-жақты сараланды. Сондай-ақ, оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханалардағы практикалық сабақтардың ұйымдастырылу деңгейі, дуальды оқыту жүйесінің тиімділігі қаралған.
Комиссия аккредиттеудің қорытынды бойынша Жол-көлік колледжінің қызметіне оң баға беріп, мұндағы білім беру үдерісінің халықаралық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оқу орнына халықаралық аккредитациядан өткенін растайтын сертификат табысталды.

