ШЫМКЕНТТЕ ӘЗ-НАУРЫЗ 10 КҮН МЕРЕКЕЛЕНЕДІ

22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күніне орай Шымкент қаласында арнайы мерекелік бағдарлама әзірленді. Бағдарлама жылдағы дәстүр бойынша 10 күн бойы өткізіледі. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

  1. 14 Наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі.

«Наурыз-думан» мерекелік қойылымы мен «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» этно-фольклорлы қойылымы, кітап көрмесі ұсынылады.

  1. 15 наурыз – Қайырымдылық күні.

Қайырымдылық күніне арналған көрме-жәрмеңке, қолөнер шеберлерінің, баспа үйлерінің жәрмеңкесі, кітапханалардың көрмесі өтеді.

  1. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт дәстүр күні.

Бұл күн аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, шеберлік сағаттары, шығармашыл одақ өкілдерімен кездесулер, «Жарамазан fest» республикалық фестивалі ұйымдастырылады.

  1. 17 Наурыз – Шаңырақ күні.

Отбасы құндылықтары дәріптеліп, ЖИ-негіздерін оқыту, викториналық, интеллектуалдық ойындар, дрон-футбол, VR ойындар, сонымен қатар, «Жылы жүрек – өмір шуағы» мерекелік кеші өтеді.

  1. 18 Наурыз – Ұлттық киім күні.

Мереке аясында ұлттық киім дизайнерлерінің сәндік дефилесі, көрме-жәрмеңкесі өткізіледі.

  1. 19 Наурыз – Жаңару күні.

«Стартаптар аллеясы» көрмесі, робот-техника көрмесі болады.

  1. 20 Наурыз – Ұлттық спорт күні.

Аударыспақ, қыз қуу, бәйге, ләңгі тебі, асық ату, гір тасын көтеру, арқан тарту сияқты ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылады.

  1. 21 Наурыз – Ынтымақ күні.

Наурыз мейрамының мәнін ашатын театрландырылған көріністер қойылып, жергілікті және отандық эстрада әншілерінің қатысуымен күндізгі мерекелік концерт, гастрономиялық фестиваль өтеді.

  1. 22 Наурыз – Жыл басы.

Қаладағы барлық алаңдарда мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

  1. 23 Наурыз – Тазару күні.

Мегаполисте «Таза LIKE» экологиялық акциясы, жаппай сенбілік өткізіледі. Мерекелік гала-концерт болады.

Сонымен қатар, 24 наурыз күні оркестрлер айтысы ұйымдастырылып, қазақ ұлт-аспаптар, симфониялық, эстрадалық оркестрлердің айтысы өтеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды