ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Аида Смағұл, Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің шетелдік студенттерімен арнайы кездесіп, маңызды ақпарат берді. Яғни «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын кеңінен таныстырды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында полиция подполковнигі Аида Смағұл:

«Әрбір шетелдік азамат тіркелген мекенжайы бойынша, яғни визада немесе ресми көрсетілген мекенжайда міндетті түрде тұруы тиіс. Егер ол мекенжайда тұрмайтын болса, көші-қон талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар қолданылады. Ал мекенжайы өзгерген жағдайда үш күн ішінде деканатқа хабар беруге міндетті», – деп атап өтті.

Шара барысында Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттердің құқықтары, көші-қон заңын сақтау тәртібі, уақытша тіркеу талаптары, ҚР аумағындағы тәртіп пен визаға қатысты мәселелер жан-жақты қарастырылды.

Жиын соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

Оқу орнының Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу:

«Студенттерімізді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бүгін арнайы келіп, көші-қон жөнінде маңызды ақпарат ұсынғаны үшін полиция өкілдеріне алғыс білдіреміз!» – деді.

Айта кетсек, бұл университет – түркі дүниесінің жастарын бір шаңырақ астына біріктірген білім ордасы. Бұл жерде әлемнің 17 елінен келген 30-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бірге білім алуда.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды