«AMANAT» партиясының еліміздегі жетекші, ықпалды күшке айналуы жоғары ұйымдастырушылық тәжірибені арттырумен қатар, тиімді әрі орнықты жұмыс үдерістерін ұдайы жетілдіруді талап етеді. Осы орайда, партия қызметкерлерінің кәсіби дайындығын шыңдау, жұмыс процестеріне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, партия қызметін сервистік модельде ілгерілету, ішкі құжат айналымы регламентінде заманауи цифрлық платформаларды қолдану – саяси ұйым атқаратын қызметтің стратегиялық бағдары болып белгіленді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы міндет шеңберінде бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен аумақтық партия филиалдарының жетекшілері мен сектор меңгерушілеріне арналған арнайы оқыту семинары өткізілді. Партия қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған басқосуда партия мүшелерін есепке алу, оларды орталықтандырылған электронды дерекқорға тіркеу және бірыңғай цифрлық база арқылы басқару жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.
Атап өтуіміз қажет, бұл бастама Мемлекет басшысының жасанды интеллект пен цифрлы технологияларды мемлекеттік басқару мен қоғамдық институттарға кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасының аясында жүзеге асуда. Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдаулары мен стратегиялық құжаттарында деректерді орталықтандыру, цифрлық платформалар арқылы шешім қабылдау және адами факторды азайту – уақыт талабы екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Партиямыз Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде осы бастамаларды іске асыруға белсенді түрде кірісті.
Семинардың ашылуында сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қызметкерлердің кәсіби дайындығын арттырудың аса маңызды аспектілеріне тоқталды:
«Бүгін біз партия жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеретін маңызды кезеңге қадам басып отырмыз. Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ел дамуының басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап берді. Бұл талап тек мемлекеттік органдарға ғана емес, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға да ортақ. Партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, елімізде жүргізіліп жатқан барлық саяси реформалардың ұйытқысы болуы керектігін айтты. Партия беделін арттыруда сайлаушылармен жұмыс жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдері қолданысқа енгізіліп, кері байланыстың өзара тиімді арналары түзілді. Осы орайда, партия мүшелерін есепке алудың бірыңғай электронды базасы – ашықтықты, нақтылықты және тәртіпті қамтамасыз ететін маңызды құрал. Біз әрбір мүшенің партиялық өмірге қатысуын, белсенділігін, ұйымдастырушылық әлеуетін нақты деректер арқылы көруіміз керек. Бұл – шешім қабылдауда да, кадрлық саясатта да әділдік пен тиімділікті арттырады. Осы бағыттағы жұмыстар партияның ішкі мәдениетін жаңғыртып, оны заманауи талаптарға толық бейімдейді», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Семинар барысында оған қатысушыларға партия мүшелерінің бірыңғай электронды базасын жүргізу, деректерді жаңарту, цифрлық бақылау мен талдау тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Партияішілік құжаттарды жүргізуге қойылатын регламенттік талаптар туралы облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық партия филиалының бас есепшісі Гүлназат Абдрахимова, облыстық партия филиалының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің консультанты Жангелді Дүйсенбаев хабарлама жасап, жұмысқа қажетті ақпараттар берді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша партия мүшелерінің деректерін электронды базаға көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жаңа электронды база партия қызметін деректерге негізделген басқару моделіне көшіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аумақтық партия құрылымдарының жұмысын бағалауға, жоспарлау мен сапалы мониторинг жүргізуге ықпал етіп, мүшелер белсенділігін болжауға, ұйымдастырушылық әлсіз тұстарды анықтауға, партиялық жобалардың тиімділігін арттыруға жол ашады. Оқу семинарында жаңа жүйе арқылы партия мүшелерінің сандық және сапалық құрамы нақты көрініс табатыны, деректер орталықтандырылған форматта сақталатыны, өңір, аудандар және бастауыш ұйымдар бойынша жедел талдау жасау мүмкіндігі артатыны айтылып, осы жұмыстарды жүргізуде адами қателік факторлары пен қағазбастылық айтарлықтай азаятынына баса мән берілді.
Алдағы уақытта да партияның Түркістан облыстық филиалы өзінің жұмыс тәжірибесін жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану және партиялық жұмысты ұйымдастырудың жаңа форматтарына көшу жұмыстарын белсенді түрде жалғастыра беретін болады.

