Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырыста мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аймақтардағы заңбұзушылықтардың алдын алу және бейнебақылау жүйелерін орнату мәселелері қаралды. Кеңес барысында Келес және Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы бастығы, полковник Асқар Болатовтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы Келес аймағының шекараға жақын орналасқан елді мекендерінде тұрғындардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жергілікті билік органдарына, ауылдық округ әкімдеріне және полиция бөлімшелеріне шекара маңындағы бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын орнату орнын нақтылау бойынша ұсыныстар енгізу қажеттігін айтты. Аудан басшысы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің тұтастығы мен тұрақтылығының кепілі екенін атап өтті.
Кеңес барысында қатысушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 392 және 394-баптарына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, шекараны заңсыз кесіп өту және көші-қонды заңсыз ұйымдастыру үшін жауапкершіліктің күшейтілгені айтылды.
Мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде шаралар жүргізу қажеттігіне назар аударылды.
Сонымен қатар ҚР 2023 жылғы 16 қаңтардағы «Мемлекеттік шекарасы туралы» заңының 42-бабының талаптарын орындау бойынша нақты іс-шаралар қабылданды. Шекара маңындағы қоғамдық-саяси және мәдени іс-шаралар өткізілген кезде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тиісті бөлімшелерін алдын ала хабардар ету тәртібі түсіндірілді.
Бұл талаптарды түсіндіру және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық материалдар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болды.
Отырыстың қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы Келес ауданы әкімдігі мен шекара қызметінің тұрақты бақылауында болатыны атап өтілді.

