Мақта – оңтүстіктің мақтанышы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы стратегиялық дақыл. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы үшін мақта шаруашылығының жай-күйі әрдайым басты назарда. Мақта өсіру саласында су тапшылығы, өнімнің өзіндік құнының өсуі, өңдеу кәсіпорындарының жетіспеушілігі және нарықтағы баға тұрақсыздығы сияқты бірқатар түйткілді мәселелер бар екенінен хабардармыз және бұл проблемаларды тиімділік тұрғысынан шешуде облыстық және аудандық мемлекеттік органдармен бірлесе қарастырып келеміз. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мақта шаруашылығының алтын аймағы саналатын Жетісай ауданында
техникалық дақылды егетін шаруалардың еңбегін бағалауда және өнім жинауда орын алуы ықтимал заңсыздықтардың алдын алуда арнайы жұмысшы тобы құрылып, оған күзгі жиын-терім науқанын ойдағыдай аяқтау жүктелген болатын. Жұмысшы топтың құрамына партия өкілдері де енді.
Жұмысшы топ атқарып жатқан жұмыстарды зердеулеуде бүгін аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы бірнеше мақта өңдеу зауыттарында болып, кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында кәсіпорын басшыларына шаруаларға өткізген өнімдерінің қаржысын созбалаңға салмай, уақтылы төлеу, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразының техникалық талаптарға сай болуын қадағалау, зертханаларда мақта сапасына әділ баға берілуін үйлестіру міндеттері жүктеліп, нақты тапсырмалар берілді. Осы және өзге де заңсыздықтар орын алған жағдайда құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар көрілетіндігі қатаң түрде ескертілді.
Атап өтуіміз керек, бүгінде Жетісай ауданында 7 мақта өңдеу зауыты, 77 мақта қабылдау бекеттері жұмыс жүргізеді. Осы бекеттердің 53-і аудан аумағында орналасқан зауыттарға тиесілі болса, 24 бекет – Мақтаарал ауданындағы кәсіпорындарға тиесілі. Биыл Жетісай ауданында барлығы 43,1 мың гектарға мақта шиті егіліп, күзгі жиын-терім жұмыстарына 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 дана мақта терім комбайндары жұмылдырылған.
Мақта терімі және жиналған өнімді өткізу мәселелері бойынша ахуалды партияның Жетісай аудандық филиалы тұрақты бақылауында ұстап, шаруаның есіл еңбегінің әділ бағалануын аса маңызды міндет деп біледі.

