Түркістан облысында Шардара су қоймасының оқшауланған су массаларын негізгі су айдынына жіберу үшін байланыстырушы каналдар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шардара ауданындағы су жинау және су шаруашылығы нысандарын реконструкциялау қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шардара су қоймасын батиметриялық зерттеу кезінде 107 млн текше метр су сыйымдылығы бар 10 оқшауланған тоған анықталды. Осы тоғандардың алтауы Арнасай бөгетінің жанында орналасқан, олардың жалпы сыйымдылығы 57 млн текше метр. Машканал (Машиналық әдіспен су көтеру каналы) мен «Шымкент-Жетісай» тас жолының арасында жалпы сыйымдылығы 50 млн текше метр болатын тағы төрт тоған табылды.
Су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін 32,6 км байланыстырушы каналдар салынып жатыр. Бұл каналдар осы тоғандардан суды Сырдария өзеніне, содан кейін Шардара су қоймасына бағыттайды.
Бұдан басқа, Арнасай бөгетінің маңындағы «Шардара-Жетісай» автожолының бойында орналасқан тоғаннан Шардара су қоймасына су жіберу үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл тоғанның көлемі – 67 млн текше метр.
Сонымен бірге Шардара ауданында «Қызылқұм-1» ирригация-дренаж жүйесін реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында ирригация және дренаж жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында іске асырылуда.
Бүгінде Қызылқұм-1 жүйесіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары аясында 180,02 км канал, 763 гидротехникалық құрылысжай, 233,4 км коллектор және 2,2 км қызмет көрсету жолдары реконструкциядан өтті. Ұзындығы 7,94 км болатын 6R-1-4-2 каналы толығымен темірбетонмен қапталды.
Жоба 12 532 гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суармалы сумен жабдықтауды жақсартады, оның ішінде 6 444 гектары Алатау ауылдық округінде және 6 088 гектары Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан.
«Жақында ғана аяқталған вегетация кезеңі аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты күрделі жағдайда өтті. Енді келесі жылғы суару маусымын тұрақты өткізу үшін кешенді дайындық жүргізіп, барлық жобаны сапалы орындау қажет. Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартумен қатар, суды үнемдеу технологияларын енгізу және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері бойынша шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту де маңызды», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

