Шардара ауданының Ұзын ата ауылдық округінде Республика күні аясында және ауылдың 55 жылдық мерейтойына орай «Нұрман» шаруа қожалығының күріш өңдеу цехының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов, «АMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, ауыл әкімі Ғани Есімханов, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов пен ауыл ақсақалы Сламбек Мергенбаев жаңа цехтың лентасын қиып, кәсіп иесіне сәттілік тіледі. Жеке кәсіпкер Дәурен Нұрманның жетекшілігіндегі шаруа қожалық бүгінде 420 гектар алқапқа күріш егіп, гектарына орта есеппен 70 центнерден өнім алған. Жалпы 3000 тоннаға жуық күріш жинап отыр. Өнімнің сапасы жоғары «Лазер» және «Атаман» түрлері өсірілген. Цехта ауылдың 15 адамы тұрақты жұмыспен қамтылған.

