ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгін Сарыағаш ауданына қарасты Жылға ауылдық округіндегі Жылға елді мекенінің тұрғын үйлері табиғи газға қосылды. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жәнібек Сүлейменов, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы және жауапты сала өкілдері елді мекенге арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Аудан әкімі тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтап, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жылға елді мекенін көгілдір отынмен қамту мақсатында құрылыс жұмыстарын «Ремстрой» ЖШС жүргізді. Техникалық қадағалаушы – «Қабылан эксперт» ЖШС, ал тапсырыс беруші – «Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Жоба аясында табиғи газ құбырының жалпы ұзындығы 64,251 шақырымды құрайды. Оның ішінде, темір газ құбыры – 24,271 шақырым, полиэтилен газ құбыры – 39,980 шақырым. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан 100 пайыз пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 246 тұрғын үйі көгілдір отынмен қамтылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы 63 елді мекеннің 53-і, яғни 84,1 пайызы табиғи газбен қамтылған.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды