Биылғы оқу жылын Түркістан облысы бойынша 553 мыңнан астам оқушы бітірді. Оның ішінде 33 884 оқушы он бірінші сыныпты аяқтап жатса, олардың 2300-ден астамы – «Алтын белгіге», 2400-і – «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Балалардың жазғы кезеңдегі демалысын ұйымдастыруда облыс бойынша 31 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істеп, оларда 41 мыңнан астам оқушы демалатын болады. Биыл алғаш мәрте модульді жатын бөлмелерімен қамтылған 5 жазғы лагерь жұмысын бастады. «Төлеби Нұры», «Тау шыңы», «Балауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» лагерьлерінде 52 модульді бөлме мен санитарлық блоктар орнатылып, бір ауысымда бір мыңнан астам баланың демалуына жағдай жасалды.
Оқушылардың жазғы кезеңдегі демалысын сапалы ұйымдастыру мәселелері «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының және мәслихаттардағы партиялық фракция депутаттарының тұрақты бақылауына алынған. Осы міндет шеңберінде бүгін «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Түркістан қаласындағы әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын отбасылардың 20 баласына «Жібек жолы» саябағындағы аттракциондарға тегін ойнауға жағдай жасалды.
Партия бастамасына «Akbastau gardens» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау білдіріп, балаларға есте қаларлықтай демалыс ұйымдастырды. Көпбалалы отбасыларды қолдау, балаларға шат-шадыман көңіл сыйлау мақсатында өткізілген іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев арнайы қатысып, жас өскіндерге ізгі тілегін білдірді.
— Жайдары мінез жаздың келуін балалар мерекесімен бастаймыз. Әлемдегі ең көркем, ең асыл, ең жарқын мейрам саналатын бұл күнді баршамыз асыға күтеміз. Сендерді елдің болашағы деп білеміз. Жақсы азамат, білімді ұрпақ, алдыңғы қатарлы перзент болуларың үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Сендердің игіліктерің үшін мектептер, спорт кешендерін, мәдениет және өнер мекемелерін салып беруде. Жан-жақты дамып, жетілулерің үшін шығармашылық және спорт үйірмелері жұмыс істеуде, жаз айларында сауықтыру лагерлері ашылуда. Сендерге бақыт сыйлауға асық болған ел азаматтары Түркістанның көркі болып отырған осы саябақтағы аттракциондарда алаңсыз ойнауларыңа жағдай жасап отыр, мерекелік дастарханын жайып, өздеріңді сыйлы қонақ ретінде күтуде. Ізгілікті іске ұйытқы болған азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Шаттыққа бөленген балалар «Аттар каруселіне», су айдынындағы аттракциондарға, «Ромашка», «Вигвам» «Ниагара сарқырамасы», «Айналмалы шеңбер» сынды ойын аттракциондарына мініп, ерекше қуанышқа кенелді. Сондай-ақ батуттарға мініп, шар ұшырды, футбол, баскетбол, стритворкаут алаңдарында асыр салып ойнады. Тәтті сусындар, пицца, суши тағамдары ұсынылды. Балалар үшін түскі ас «Нұрсәт» дәмханасында ұйымдастырылды.