Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Қабланбек ауылдық округі аумағында қуаттылығы 5 МВт шағын электр станциясы жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаны «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда жобаны іске асыру үшін құжаттар рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып кетті. Нақтырақ айтқанда, нысанға апаратын жол мен көпір құрылысы жүргізілуде.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс барысымен танысып, жобаның сапалы әрі уақытылы іске асырылуы басты назарда екені атап өтті. Аудан әкімі «Ынтымақ» АӨК өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспар мен жобаның іске асу кезеңдерін талқылады.
Айта кетейік, аталған жоба іске қосылғанда өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.