САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында коммуналдық салада 2025 жылы 220 нысанның  құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 121 нысан биыл аяқталуы қажет. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде коммуналдық нысандардың құрылыс барысы қаралып, атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырып, жұмыс сапасына ерекше мән беруді ескертті.

– Биыл пайдалануға берілетін нысандардың құрылыс қарқынын күшейтіңіздер. Жұмыс барысын қатаң бақылауға алуды, сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Мәжілісте жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын нысандар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы баяндады. Оның мәлімдеуінше, коммуналдық нысандардың құрылыс барысы қатаң бақылауға алынып, тұрақты штаб отырыстарында қаралуда. 2025 жылы өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 66 нысанның құрылысы басталды. Соның ішінде, биыл 38 нысанды аяқтау жоспарланса, қалған 28 нысан келесі жылы тапсырылмақ. Осы жобалардың ішінде индикаторға 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен енгізілген. Қалған 8 елді мекенде (халық саны – 0,6 мың) кешенді-блок модульдерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 30 елді мекеннің 15 елді мекенінде (Сарыағаш-5, Келес-4, Қазығұрт-1, Ордабасы-3, Отырар-1, Бәйдібек-1) нысанның құрылысы аяқталған. Ал, қалған 15 елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Облысты кәріз жүйелерімен қамту мақсатында 16 жобаның құрылысы қолға алынған. Жыл соңына дейін 10 нысанның құрылысы аяқталады. Атап айтқанда, биыл Түркістан қаласында 7 нысан, Арыс қаласында 1 нысан, Ленгірде 1 нысан, Ордабасы ауданында 1 нысан пайдалануға тапсырылмақ.

2025 жылы өңірді газдандыру үшін 80 нысанның құрылысына тиісті қаржы бөлінді. Осы жылы 46 жобаның құрылысы аяқталып, 73 мың халқы бар 43 елді мекен табиғи газға қосылмақ. Ал, 34 жобаны келесі жылы пайдалануға тапсыру көзделген. Қазіргі таңда 32 нысан пайдалануға тапсырылды. Жыл қорытындысымен 73 мың халқы бар 43 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Нәтижесінде, газдандыру деңгейі 75,1%-ға жетіп, облыс аумағында 1,9 млн. тұрғыны бар 606 елді мекен толық «көгілдір отынға» қосылады.

Одан бөлек, биыл 110,4 мың халқы бар 53 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 47 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның ішінде, 25 нысанның құрылыс осы жылы аяқталса, 22 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 17 нысанның құрылысы аяқталып, 14 елді мекенде тұратын 32,5 мың адам тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Қалған 5 нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Соның ішінде, Төлеби ауданында 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы іске қосылды. Жетісай ауданындағы 110 кВ «Жетісай» қосалқы станциясының құрылысы аяқталды, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Жылумен қамту саласында биыл 3 нысанға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 40,2 шақырым жылу желілері толығымен қайта құрылды. Нәтижесінде, 2024-2025 жылдары Кентаудағы жылу энерго орталығында 6 қазандықта толығымен қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 8 қазандыққа басқарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Сонымен қатар станциядағы турбоагрегаттар ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде электр қуатын өндіру көрсеткіші 5 МВт-тан 10 МВт-қа ұлғайды.

Сонымен қатар жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жуматаевтың есебі тыңдалды. Биыл облыс аумағындағы автомобиль жолдары сапасын арттыру мақсатында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 288 нысан немесе 1241,5 шақырым жолдар мен көшелер қамтылуда. Жыл соңына дейін ұзындығы 951,4 шақырымды құрайтын 233 нысанды пайдалануға беру көзделуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 94,7%-ға жетпек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды