СҰРАНЫСТАР БОЙЫНША НАҚТЫ КӨМЕКТЕР КӨРСЕТІЛУДЕ

Мемлекет басшысы мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт екенін айтты. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты екеніне баса мән берді. Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы мәслихат депутаттарының қызмет тиімділігін арттыруды негізгі басымдық ретінде қарастырады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партияның Түркістан облыстық филиалы 240 бастауыш партия ұйымдарын біріктіреді. Әр аудан, қаладағы бастауыш партия ұйымдарында облыстық мәслихат депутаттарының тоқсанына кемі бір мәрте, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының – тоқсанына екі мәрте қоғамдық қабылдаулар жүргізуі міндеттелді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың фракция мүшелері осы қағидаға сәйкес қабылдаулар жүргізуде және азаматтар білдірген сұраныстар бойынша нақты көмектерін көрсетіп отыр.

Мәселен, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Мақсат Джолшыбеков жүргізген қабылдау барысында Ақсукент-2 елді-мекенінің тұрғындары Сұраншы батыр көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салып беру мәселесі бойынша депутаттық ықпал етуді сұрады. Халық қалаулысының депутаттық сауалы негізінде тиісті жол учаскесінде жөндеу жұмыстары атқарылып, азаматтар игілігі үшін жаяу жүргіншілер жолы салынды. Кентау қалалық мәслихатының депутаты, қалалық партия филиалының төрағасы Арман Басаров жүргізген қабылдау барысында Абай көшесінде тұратын азаматтар өтініш білдіріп, көпқабатты тұрғын үйдің ауласына автотұрақ салу жөніндегі ұсынысын білдірді. Партия өкілінің үйлестіруімен бұл мәселе де шешімін тауып, тұрғындар сенім мандатына ие болған депутатқа ризашылықтарын білдірді.

Ал Төлеби ауданы мәслихатындағы фракция депутаттарының көмегіне жүгінген зағиптар қоғамдық бірлестігінің өкілдері Леңгір қаласы 1-ші шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер арасындағы аяқжолға асфальт төсеу, жол жиегіне қол сүйеніштерін орнату мәселесін білдірді. Депутаттардың қолдауына ие болған бұл мәселеге Леңгір қаласының әкімі Мақсат Болысбекұлы сергек қарап, зағип жандар көтерген мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Сайрам аудандық мәслихат депутаттарының қабылдауында Көлкент ауылының тұрғыны ағасын мүгедектікке шығаруға және қараушы ретінде өзін  тіркеп беруге өтінішін білдірді. Бұл мәселе «Қарабұлақ» ауруханасының бас дәрігері Данияр Мұсаевтың жіті қадағалауына алынып, тұрғын білдірген өтініш шешімін тапты.

Келес аудандық мәслихатының депутаты Қанат Мекенбаев тұрмыстық қиын жағдайға тап болған Абай ауылында тұратын отбасыға қаржылай қолдауын көрсетсе, Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты Серғазы Ақмұратов Темірлан ауылы тұрғынының жұмыспен қамтылуына көмек көрсетті.

Бұл мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары күнделікті қызметінде атқарып жатқан жұмыстарының бір бөлшегі ғана. Әрбір депутат өзі сайланған аумақтың болашағына жауапты екенін сезініп, тұрғындар білдірген аманатқа адал еңбек етіп отыр. Бұл мысалдардан партиялық жауапкершіліктің нақты көрінісін танып білеміз және қоғамдық сенімнің тірегі болып отырған мандат иелерінің жұмыс нәтижелерін көреміз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды