Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Қазақстандағы орта білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып ашылуда, бұл сыныптарда 31 мыңнан астам оқушы білім алып, кәсіби дағдыларды игереді деп жоспарланған. Мұндағы мақсат – 9-11 сынып оқушыларының еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына ерте бейімделуін қамтамасыз ету, олардың кәсіби бағдарын жүйелі түрде қалыптастыру және техникалық-кәсіптік білімге қызығушылығын арттыру, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
2025-2026 оқу жылында қазақстандық мектептерде техникалық және инженерлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы және экология, көлік және логистика, қызмет көрсету, шығармашылық, мәдениет, медицина, әлеуметтік қызмет көрсету бағыттары бойынша бейіндік сыныптар жұмыс істей бастады.
Бұл сыныптардың мазмұны өңірлердің экономикалық ерекшеліктері мен кадр тапшылығы бар салаларға сәйкес қалыптастырылған. Жобаға жергілікті жоғары оқу орындары, колледждер мен жұмыс берушілер де белсенді қатысуда.
Бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі рет өзгертуге мүмкіндік бар.

