ҚҰРЫЛЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНА СҰРАНЫС АРТУДА

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қоғам үшін маңызды әрі өзекті қадам. Бұл тек экономика мен өндірісті дамытуға ғана емес, сонымен бірге жастардың еңбекке деген көзқарасын жаңғыртуға бағытталған. Бұл туралы Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы хабарлады.

Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру мақсатында түрлі шаралар кеңінен етек алуда.

Соның бірі Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде де өтті. Онда құрылысшы мамандығын меңгерген жұмысшы жастармен кездесуге кафедра меңгерушілері мен оқытушылар қатысты. Жиында құрылыс саласының қазіргі жағдайы, мүмкіндіктері мен болашағы жайлы пікір алмасу болды. Оқытушылар мен студенттер арасындағы ашық диалог білім беру сапасын жақсартуға, жас мамандарды еңбек нарығына дайындаудың тиімді жолдарын қарастыруға арналды.

Кездесуде ерекше назар аударылған мәселе – құрылысшы мамандығының еңбек нарығындағы сұранысы. Биыл М.Әуезов атындағы университетті құрылысшы мамандығы бойынша бітірген түлектердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп болғаны айтылды. Бұл жоғары оқу орнының осы салада білім беру сапасының жоғары екенін және студенттердің қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Жиын барысында оқу орнының өкілдері түлектердің 90 пайызы толық жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Олардың көбі ірі құрылыс компанияларында қызмет етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүр.

Кездесу барысында құрылысшы мамандығының артықшылықтары мен мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды. Қатысушылар құрылыс саласының елдің экономикалық дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті. Сол үшін, бұл салаға келемін деушілерге мемлекеттік грантта, түрлі шетелдік бағдарламаларда қарастырылған.

Құрылыс саласы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан оны дамытуға бағытталған әрбір қадамның маңызы зор. Мұндай шаралар жас мамандарға тек кәсіби біліктілік беріп қана қоймай, олардың ел болашағына қосар үлесін терең сезінуге мүмкіндік бермек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды