Сарыағаш ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстардың орындалу барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округіндегі құрылыс нысанын аралады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан басшысы құрылыс алаңындағы жұмыстардың сапасына назар аударып, нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жобаларды егжей-тегжейлі зерделеп, олардың тұрғындар өміріне тигізер оң әсеріне тоқталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Таскескен елді мекенінің Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерін ауыз сумен қамту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Құрылыс 2025 жылдың сәуір айында басталып, жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта насос станциясы, су құбырларын тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Жалпы құрылыс жұмыстарының 95%-ы орындалған. Мердігер мекеме: «FS Development Group» ЖШС. Тапсырыс беруші: Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі
Сонымен қатар, аудан әкімі Тегісшіл елді мекеніндегі Ш.Ибрагимов көшесінде салынып жатқан 3 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолағының құрылысымен танысты.
Қазіргі таңда 2 шақырымына бордюр қойылып, ішіне шағал төсеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жоспарланған. Мердігер мекеме: «Bairkum company» ЖШС.

