РЕЙД КЕЗІНДЕ 20 МЫҢНАН АСТАМ ТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында полиция 20 мыңнан астам жол ережесін бұзудың алдын алды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысының аумағында жол көлік оқиғаларының алдын алуға, жол қозғалысына қатысушылар арасындағы тәртіпті арттыруға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Рейд кезінде полицейлер 20 мыңнан астам түрлі құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде: мас күйінде автокөлік басқарудың 68 фактісі, жүргізуші куәлігінсіз автокөлік тізгіндеудің 423 фактісі, мемлекеттік нөмірсіз жүргізудің 215 фактісі, қарсы жолаққа шығудың 109 жайты бар.

Сонымен қатар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 314 жүргізуші, заңсыз тасымалдауды жүзеге асырғаны үшін 85 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Жол қозғалысы ережелерін бұзған 41 скутер жүргізушісін анықтады. Кәмелетке толмаған 16 жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Полиция қызметкерлері айыптұраққа 1682 көлік қойды.

Жол қауіпсіздігінің алдын алумен қатар, тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Яғни ақпараттық жадынамалар таратып, жолдарда мұқият болуға шақырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды