ӘРБІР ӨТІНІШ ХАТТАМАҒА ПАРТИЯ ТАРАПЫНАН ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шара аясында өңір тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып, көтерілген мәселелерге нақты көмек көрсету және оларды шешу жолдары ұсынылды. Аталған бастама Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылып, халыққа құқықтық көмекті барынша қолжетімді етуге бағытталған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындарды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұржан Маханбетов, партияның Түркістан қалалық филиалының төрағасы Сұлтанхан Таштеев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, салық, медицина, әлеуметтік сала мамандары, медиаторлар, адвокаттар, нотариус, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің жауапты қызметкерлері қабылдап, мәселелерін мұқият тыңдады.

Қабылдау барысында сөз сөйлеген партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев партияның ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуде жаңа әрі тиімді тәсілдерді жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

– Біз облыстық Әділет департаментімен бірлесіп, заңгерлерді, адвокаттарды, медиаторлар мен нотариустарды, түрлі сала мамандарын тарта отырып, тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешуге ықпал етіп келеміз. Өткен жылы «Құқықтық көмек» жобасы аясында 107 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 787 тұрғынның өтініші қаралды. Оның 513-і нақты шешімін тауып, 274 азаматқа құқықтық кеңес берілді. Әрбір өтініш хаттамаға енгізіліп, партия тарапынан тұрақты бақылауға алынады, – деді ол.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар тарапынан жер учаскесіне кезекке тұру және оның жай-күйі, микрокредит пен займдардан бас тарту немесе бұғаттау жолдары, салық кодексіндегі өзгерістер, алимент және қарыз өндіру, несиеге қатысты мәселелер көтерілді. Сондай-ақ ескі тұрғын үйді бұзу, қайта жаңғырту бойынша көмек сұраған азаматтар да болды.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының бір топ тұрғыны үй кезегіндегі түсініспеушіліктерге байланысты өтініш білдірді. Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» басшысының орынбасары Динара Жіпсібаева өтініш иелеріне тұрғын үй кезегіне қатысты елімізде енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндіріп, баспанаға қол жеткізудің қолданыстағы мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Қала тұрғыны Бибігүл Асқарбаева өз үйіне орнатылған сапасыз су сүзгісі үшін қомақты қаржы төлеп, алайда әділ шешімге қол жеткізе алмағанын айтып, көмек сұрап келген.

– «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы қабылдаудан өзіме қажетті толық әрі нақты ақпарат алдым. Әділет департаментінің маманы мәселені жан-жақты түсіндіріп берді. Көптен бері мазамды алған жағдайдың шешімін табуға үміт пайда болды, – деді ол.

Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық өтініштер мен мәселелер «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды