«Ішкі істер саласында қызмет ету – жауапкершілігі мол жүк дерсің. Жанымыз нәзік болса да, рухымыз мықты екенін жылдар бойы атқарған қызметімізбен дәлелдеп келеміз. Күн-түн демей, халықтың сенімі үшін еңбектенеміз!» дейді бүгінгі «Погондағы әйелдер» айдарының кейіпкері Жанар Қалабаева. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қатарынан оза шауып, қызметте үнемі алдыңғы шептен көрінетін полиция подполковнигі Ж.Балтабайқызы құқық қорғау саласында жұмыс істеуді бала кезден армандаған. Ол бүгінде Түркістан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының жаңадан құрылған Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы лауазымын абыроймен атқарып келеді.
— «Қыз-келіншектердің қорқынышсыз өмір сүруі — басты назарда. Сондықтан да, бұл топтағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мұнда полицей психолог та, социолог та, кейде адамдардың жақын туысындай болып кетеді. Бөлім қызметкерлерімен бірге әйелдер мен балалардың тыныштығын қорғап, еңбек етудеміз», — дейді әңгіме барысында Жанар Қалабаева.
Ер азаматқа тән ауыр қызмет пен міндеттерді қатар алып жүрген Жанар сынды батыл шенді аруларымыздың қатары көбейе берсін!

