Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қоғалы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында аудан әкімі ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Тұрғындар өздерін толғандырған ауыз су мен ағын су мәселелерін көтеріп, каналдарды тазалау, жол кедергілері мен белгілерін, түнгі жарық орнату, су ағарлар қою, жол жиектерін бекіту, аяқжол салу, балалар ойын алаңшасы мен аллея немесе саябақ ашу жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әрбір көтерілген мәселе аудан басшысының жеке бақылауына алынды.
Аудан басшысы кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың үніне құлақ асып, өзекті мәселелерді бірлесе шешу екенін атап өтті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде көтерілген барлық мәселелер назарда болып, олардың шешілуі аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болады. Ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстана отырып, әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият мән береміз», – деді Еркеғали Амантайұлы.

