ӘРБІР ОТБАСЫ МЕН БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ БІЗДІҢ НАЗАРЫМЫЗДА

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте медицина саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев саланың 10 айдағы қорытындыларымен бөлісіп, оң динамиканы айқындайтын нақты деректерді ұсынды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі саланы дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Медицина саласындағы барлық шаралар халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс. Инфрақұрылымның жаңаруы, цифрландыру, жоғары технологияларды енгізу үдерісін жалғастыруды, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтуді тапсырды.

2025 жылдың 10 айында Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3%-ға төмендеуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюі, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.

Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.

– Біз үшін ең бастысы – тұрғындарға сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет көрсету. Әрбір отбасы мен әрбір бала денсаулығы біздің назарымызда. Медицина саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар нақты және жүйелі түрде орындалуы керек. Жоғары технологиялық жабдықтар енгізу, кадрларды тарту және сапалы дәрігерлік көрсету арқылы біз тұрғындарға сенімді әрі тиімді қызмет ұсына аламыз. Барлық шаралардың басты мақсаты – Түркістан облысын денсаулық сақтау саласында заманауи, жетілдірілген аймаққа айналдыру, – деді Н. Көшеров.

2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлініп, 300 мыңдай науқас дәрілік заттармен қамтылды. Жергілікті бюджеттен орфан ауруларына шалдыққан 264 науқасты қамтамасыз етуге 4,6 млрд теңге қаралды.

2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу механизмі арқылы 34 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін тапсырылады. 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Кентау қалалық ауруханасының жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады. Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханаларда жөндеу толығымен біткен. Түркістанда салынған көпбейінді аурухана құрылысы ерекше назарда.

Ауылды жерлердегі ауруханаларға заманауи техникалар сатып алынды. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жақсарту үшін 11 түрлі диагностикалық жабдық жеткізілді.PACS жүйесін енгізу арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы іске асуда. Бұл жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласты. Оның 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген.

2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 40,3 млрд теңге қарастырылды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды