ӘРБІР НЫСАННЫҢ СӘУЛЕТІ МЕН САПАСЫНА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысында бой көтеріп жатқан әрбір нысанның сәулеті мен сапасына ерекше мән беріледі. Әлеуметтік нысандардың сәулеттік жобасы арнайы штаб отырысында тұрақты қаралуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін кезекті рет Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар бойынша штаб отырыс өтті. Күн тәртібінде Ордабасы ауданындағы Төрткөл елді мекенін абаттандыру, Түркістан облысындағы әлеуметтік нысандардың қасбетін жаңғырту және облыстық филармония ғимаратының жобасы қаралды.

Облыс әкімі жобаларды іске асыруда заманауи әрі бірегей сәулеттік шешімдерге басымдық беруді, ұлттық нақышты сақтауды тапсырды. Абаттандыру жұмыстарында сапаға ерекше мән беріп, тұрғындардың пікірін ескеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, құрылыста тиімді әрі сапалы материалдарды қолдану бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жиында Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов Төрткөл ауылының аумағын абаттандыру жобасын таныстырды. Нақтырақ айтқанда, елді мекеннің орталық көшелерін абаттандыру, демалыс орындарын көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, жол бойындағы сауда орындарын ретке келтіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов Түркістан облысындағы әлеуметтік нысандардың қасбетіне қатысты жоба эскиздерін таныстырды. Атап айтқанда, елді мекендерде салынатын спорт және сауықтыру кешендері, мәдениет үйлері, кітапханалар, мұражайлар мен ауылдық клубтардың сыртқы келбетін бірыңғай стильде салу мәселесі қозғалды.

Сонымен қатар жиында Түркістан қаласында бой көтеретін облыстық филармония ғимаратының жобасы туралы ұсыныстар айтылды. Ғимараттың сыртқы сәулеті мен нысан алаңы, көрермендерге қолайлылығы, автотұрақ және көгалдандыру мәселелері талқыланды. Жалпы 500 орындық мәдени нысан 3,79 гектар аумақта орналаспақ. Жобада филармония ғимараты дәстүрлі шығыс архитектурасының нақыштарын заманауи сәулеттік шешімдермен үйлестіре отырып, ерекше келбет қалыптастырылған.

Облыс басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне ұсынылған жобаларды жетілдіріп, белгіленген мерзімде нақты жоба  ұсынуды тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды