ӘРБІР МӘСЕЛЕ МҰҚИЯТ ТЫҢДАЛЫП, НАҚТЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов кезекті мәрте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселе мұқият тыңдалып, нақты шешу жолдары жан-жақты қарастырылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдауға келген Түркістан қаласының тұрғыны өзінің зейнеткер екенін және ІІ-топтағы мүгедек ретінде 2018 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұратынын айтты. Баспана алу мәселесі бойынша өтінішін білдірді. Тұрғын көтерген мәселе бойынша мағлұмат берген Түркістан қаласы әкімінің орынбасары мен «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының жауапты өкілі биыл Түркістан қаласында  512 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетінін мәлімдеді. Осы санатта тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған мүгедектігі бар азаматтар кезек ретімен баспаналы болатынын хабарлап, зейнеткер бідірген сұраныс жауапты өкілдердің бақылауына алынды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жүргізген қабылдауға жазылған Түркістан қаласындағы «Этноауыл» қолөнершілер орталығында қызмет атқаратын кәсіп иесі, өзі жұмыс жүргізетін шеберхананың жылу жүйесі істен шыққанын айтып, оны жөндеуге көмек көрсетуді өтінді. Шебер қол иесі Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді дамытуға елеулі үлес қосып жатқаны айтылды. Қазақи ою-өрнекті киіз басу, зерлі әшекейлер жасау, тоқыма бұйымдарын шығару сынды бірегей  өнімдер жасай білетін өнерлі ісмерге барынша қолдау көрсетілетін болды. Кәсіп иесі білдірген өтініш бойынша шеберхананың жылу жүйелері мамандардың техникалық қадағалауынан өткізіледі. Сондай-ақ дәстүрлі өнерді дәріптеуші шеберге қажетті құрал-жабдықтар алу мәселесіне де қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылады.

Қабылдауда Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекенінде салынып жатқан жол құрылысын аяқтау мәселесі көтеріліп, асфальт төсеу жұмыстары биыл толық аяқталатыны айтылды. Мақтаарал ауданынан келген кәсіпкердің өтініші бойынша  жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертумен байланысты заң талаптарының бұзылуына қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілетін болды. Заңды тұлғалар арасындағы жер учаскесіне байланысты өзара келіспеушіліктер сот тәртібімен қаралып, шешім қабылданатыны туралы мағлұмат берілді.

Сондай-ақ қабылдауға жазылған Сауран ауданы, Бостандық ауылының тұрғыны көтерген мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері елді мекен тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді анықтайды деп шешілді. Ал Түркістан қаласының тұрғыны білдірген ескі үйді бұзуға техника бөлу және медицина мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген жас маманды жұмысқа орналастыру мәселелерін Түркістан қаласының әкімдігі бақылауына алды. Ескі үйді бұзуға көмек қажет екені анықталған жағдайда, демеушілер есебінен техникалар жұмылдыру мәселесі қарастырылады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды