Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті апталық аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралып, жауапты бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімі мәжіліс басында:
«Әрбір көрсеткіш — біздің жұмысымыздың нақты нәтижесі. Жыл соңына дейін жоспарланған міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз ету — бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан әр сала басшысы жұмысты нақты мерзіммен және сапамен атқаруы тиіс», — деп атап өтті.
Алғашқы мәселе ретінде жыл қорытындысы бойынша индикаторлық жоспардың орындалуы және бюджеттің игерілуі туралы ақпарат тыңдалды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов атқарылған жұмыстар мен ағымдағы көрсеткіштер жөнінде баяндама жасады. Жыл соңына дейін атқарылуы тиіс міндеттерге тоқталып, бірқатар бағыттарда қосымша шаралардың қажет екенін атап өтті.
Келесі кезекте Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету және МӘМС жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған жоспарларымен бөлісті.
Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының орындалуы туралы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қанағат Асылбек баяндап, санитарлық тазалық бағытында атқарылып жатқан шараларды таныстырды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі барлық жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстарды бақылау мен сапаны арттыруды талап етті: «Біз аудан дамуы үшін маңызды кезеңге келдік. Жоспардың әр тармағы нақты орындалуға тиіс», – деді.

