ӘРБІР БАЛАНЫҢ АЛАҢСЫЗ КҮЛКІСІ – ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰНДЫЛЫҚ

Бала біздің – болашағымыз деп білетін «AMANAT» партиясы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні арналған мерекелік іс-шараларын бастап кетті. Партия қатарындағы азаматтар, мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері балақайларға қуаныш сыйлауға асық болып, осы жарқын мереке қарсаңында жас өскіннің жанынан табылуға барын салуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жайдары мінез жаздың шығуымен келетін осы ғажайып сәтті балалармен қарсы алуға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысысының орынбасары, облыстық партия филиалы төрағасының Әйелдер қанаты бойынша кеңесшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева да ерекше ықыласпен кірісті. Алдымен Арыс қаласындағы балалар ауылында болып, ондағы тәрбиеленушілерді шат-шадыман көңілге бөлесе, түс қайта өзінің сайлаушылары болып табылатын кентаулық тұрғындардың жанынан табылып, әлеуметттік әлсіз топтарға жататын отбасылардың балаларына сый-сияпат жасады.

Кентау қалалық партия филиалында өткен кездесуде Қалыйма Жантөреқызы әрбір қазақстандық отбасының бақытты өмір сүруі — «AMANAT» партиясы айқындаған басымдық екенін айтты. Осы орайда, партияның «Бақытты отбасы» жобасы қоғамда еріктілік пен қайырымдылықты ынталандыруға бағдарланғанын атап өтті. Әділетті әлеуметтік саясат тең құқықтар мен мүмкіндіктер құндылықтарына сүйенетінін жеткізе отырып, отбасы институтының беделін көтеру, озық ойлы ұлтты қалыптастыру, әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау бастамаларында іргелі өзгерістер жүріп жатқанын жеткізді.

Бала бақыты бәрінен биік екені айтылды. Әрбір баланың қуанышты сәті, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі біз үшін ең үлкен құндылық болып қала бермек. Балаларымыздың балдәурен балалық шағының қызықты өтуін ұдайы назарымызда ұстаймыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды