Кентау қаласында өтіп жатқан республикалық референдумда қоғам белсенділері де өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде. Солардың бірі – «ЭКО Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнар Ниязова, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ол Кентау қаласындағы №50 референдум учаскесіне арнайы келіп, өз дауысын берді. Қоғам белсендісі ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға қатысу – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Референдум учаскесіне келген төрайым дауыс беру рәсіміне қатысып, өз таңдауын жасады.
«Ата заң – біздің мемлекетіміздің ең басты құжаты. Ол еліміздің даму бағытын айқындап, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің негізін қалайды. Сондықтан Конституцияға қатысты кез келген маңызды шешім бүкіл халықтың қатысуымен қабылдануы тиіс деп есептеймін. Бүгінгі референдум – сол мүмкіндіктің айқын көрінісі. Референдум – халықтың өз пікірін тікелей білдіретін демократиялық тетік. Әр азаматтың дауысы ел дамуына әсер ететін маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етеді. Сондықтан мұндай тарихи сәттерде қоғам болып бірлігімізді көрсетіп, белсенділік танытуымыз қажет. Мен бүгін дауыс беру арқылы еліміздің болашағына бей-жай қарамайтынымды білдірдім. Әрқайсымыз мемлекетіміздің ертеңіне жауапты екенімізді түсінуіміз керек. Егер біз елдің дамуын қаласақ, онда маңызды саяси процестерге белсенді қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз қажет. Барша азаматтарды осындай маңызды шешімдер қабылданатын кезде немқұрайлылық танытпауға шақырамын. Референдум – ел тағдырына қатысты ортақ пікір білдіретін маңызды алаң. Сондықтан әрбір азамат келіп дауыс беріп, мемлекетіміздің болашағына өз үлесін қосуы тиіс», – деп қорытындылады қоғам белсендісі.

