Осы азалы күнге орай “Ақ жол” демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалының өкілдері Қазығұрт ауданындағы «Мәңгілік ел» саябағында орналасқан “Алаш арыстары” ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Іс-шараға облыстық филиал төрағасының орынбасары Нұржан Толқынұлы, облыстық мәслихат депутаттары Ержан Үсентаев, Сұлтан Көшенов, Қанат Нышанов, сондай-ақ Қазығұрт аудандық мәслихат депутаты Айбек Мықтыбайұлы қатысып, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған ата-бабалар рухына Құран бағыштады. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалы хабарлады.
31 мамыр – халқымыздың жадында мәңгі сақталатын қаралы күн. Бұл күн – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алып, тарих алдындағы тағзымымызды білдіретін ерекше күн.
XX ғасырдың 20-50 жылдарында мыңдаған қазақ жазықсыз “халық жауы” деген жаламен атылып, түрмеге тоғытылып, Сібірге айдалып кетті. Ел болашағы үшін күрескен ұлт зиялылары – Алаш арыстары да осы қасіреттің құрбанына айналды.
Ал 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қазақ халқының үштен бірінің өмірін жалмаған аса ауыр трагедия болды. Бұл — жай аштық емес, тұтас бір ұлттың басына түскен нәубет еді.
Бүгінгі тәуелсіздік пен бейбіт өмірдің қадірін терең сезініп, өткенге тағзым ету – әрбір азаматтың борышы.
Осы күні еліміздің әрбір азаматы сол бір қаралы жылдарды еске алып, үнсіздікпен құрбандардың рухына тағзым етсе – тарих ұмытылмайды, ұрпақ сабақ алады. Ұмытпайық. Тағзым етейік. Сабақ алайық.