Түркістан облысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мен газ жүйелерін дұрыс пайдалану мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында жылыту кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімі барлық құзырлы органдардың үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтіп, жауапты сала басшыларына қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Әр отбасының қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Тәртіп пен сақтық – кез келген төтенше жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы. Сондықтан әрбір тұрғын жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. Өрт қауіпсіздігі мен газбен уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс. Жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Жылыту маусымы басталған сайын облыс аумағында газдан улану және тұрмыстық өрт оқиғаларының тіркелуі жиілейді. Сала мамандарының айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындайды. Пешті дұрыс пайдаланбау, мұржаны уақтылы тазаламау және электр желілерінің тозуы негізгі себептердің қатарында. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. Өрттің алдын алу және улы газдан уланудың жолын кесу мақсатында мамандар түсіндіру шараларын күшейтіп отыр.
2025 жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында 30 мыңнан астам отбасы тұратын үйлер тексеріліп, 19 805 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталған. Оның ішінде электр сымдарының ескіруі мен мұржалардың ластануы жиі кездеседі. Бүгінгі күні 10 497 бұзушылық жойылып, шалғай ауылдардағы 18 694 үй қайта тексеруден өтті.
Облыс бойынша 17 газ инспекциясы құрылған. Қазіргі таңда олардың қызметін жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдануда. : бірқатар аудандарда штат толықтырылып, мамандар планшет, интернет және ЕРАП жүйесімен қамтамасыз етіліп жатыр.
Облыста 17 газ инспекциясы құрылып, олардың қызметін күшейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Инспекторларды қажетті техникалық құралдармен (планшет, интернет, ЕРАП жүйесі) қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.
Өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру мақсатында жыл басынан бері 150-ден астам түсіндіру және насихат іс-шарасы ұйымдастырылды. Мешіттерде жұма намазы алдында «Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі» және «Улы газдан уланудың алдын алу» тақырыптарында уағыздар мен дәрістер өткізіліп, 20 мыңға жуық адам қамтылды.
Сонымен қатар қала көшелерінде және ірі сауда орталықтарында орналасқан LED экрандарда қауіпсіздік туралы бейнероликтер тұрақты көрсетіліп келеді. Білім беру ұйымдарында 75 ашық сабақ өткізіліп, оқушылар мен студенттерге өрт пен газ қауіпсіздігі жөнінде практикалық нұсқаулықтар берілді.
Облыс аумағында «Қауіпсіз тұрғын үй», «Қауіпсіз мұржа», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы» және «Қауіпсіз сауда» акциялары ұйымдастырылды. Сауда орындары мен базар иелеріне арнайы нұсқамалар беріліп, 14 базар мен 3 ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
Халықтың тұрмыстық қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылдың басынан бері облыс бойынша 11 088 тұрғын үйге газосигнализатор құрылғысы орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, жылыту маусымы аяқталғанға дейін облыстың барлық аудан, ауылдарында қауіпсіздік шаралары кешенді түрде жүргізілетін болады.

