Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда жүзеге асатын маңызды жобалардың құрылыс жұмыстары мен алдағы жоспары сала мамандарының тұрақты бақылауында. Осы және өзге де мәселелер бүгін облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте қайта қаралды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжіліске Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков, Түркістан облысы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов және сала басшылары мен мамандар қатысып, биыл жүзеге асыру көзделген 121 іс-шараның құрылыс жұмыстарын оның ішінде түйткілді 14 жобаның ағымдағы жағдайын пысықтады. Күн тәртібінде өңірдің экономикалық өсім жағдайы, «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында берілетін несие, инвестициялық жобалар мен индустриалды аймақ құрылыстары, жер телімдерін қайтару, өрт сөндіру бекеттерін салу, мен су қоймаларының құрылыс жұмыстары талқыланды. Жүргізілген мониторинг жұмыстары бойынша 121 жобаның 41 %-ы толық орындалған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер аясында жоспарлы жұмыс жүргізуді алға тартты.
– Бүгінгі жиналыста қозғалған түйткілдер айтылып қана қоймауы керек. Әр істі уақытында әрі жауапкершілікпен орындау маңызды. Мәселе қайда орын алды, болған жерге барып шешулеріңіз қажет. Тапсырмалар аясында тыңғылықты жұмыс жүргізіңіздер, – деді Т.Қозбеков.
Ірі жобаларға тоқталсақ, Кентауда жобалық-сметалық құны 360 млн.теңгені құрайтын «Bereke Құрылыс Сервис» ЖШС-нің қағаз майлықтар мен тұрмыстық химия жасау жобасын іске қосу көзделген. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін «Састөбе химиялық кешенін» салу жобасы талқыланды. Жоба іске асқан жағдайда 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Бүгінде 20 мектеп пайдалануға берілді. Оның 12-і жекеменшік мектеп болса, 8-і «Келешек мектептері» аясында салынды 1 мектептің құрылысы 100 пайызға аяқталып, ашылуға дайын. Мәжіліс барысында Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш аудандарындағы өрт сөндіру бекеттеріне күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары пысықталды.

